Дэвид О'Салливан Қазақстан билігі бірқатар шаралар қабылдағанын, соның нәтижесінде 2023 жылғы сәуір айымен салыстырғанда Ресейге белгілі бір тауарлар мен бұйымдардың реэкспорт көлемі айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді.
Осыған қарамастан, елші кейбір басқа тауарлар бойынша қайта экспорттау көлемі өскенін баса атап өтті.
"Мұндай тауарлардың жалпы көлемі салыстырмалы түрде Қазақстанның тауар айналымында аз үлесті құрайды әрі жылына небәрі 200 млн евроны құрайды. Бұл арада басты мәселе көлемде де емес, бұл тауарлар мен өнімдердің құндылығы мен кісі өліміне әкелетін әсері туралы. Біз білетініміздей, бұл тауарлар Ресей Федерациясының әскери әлеуетін күшейту үшін қолданылады, сондықтан бұл өнімдерді қайта экспорттауды тоқтатуды талап етеміз. Бұл, негізіне,н жоғары технологиямен байланысты тауарлар. Бұл арада интегралды схемалар, жедел жады, оптикалық нысанға алатын жабдықтар туралы айтып отырмыз", – деп түсіндірді Дэвид О'Салливан.
Дэвид О'Салливан бұл ретте Еуропалық одақ Қазақстанға қарсы қосымша санкциялар енгізбейтінін атап өтті.
"Менің сапарым ешқандай қауіп төндірмейді және біз бетпе-бет келіп отырған қиындықтар бәрімізге ортақ деп санаймын. Себебі мұның барлық елге қатысы бар. Біз санкцияларға қосылмаған басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның ұстанымына құрметпен қараймыз. Бұл - әр мемлекеттің өз шешімі. Бұл арада, бастысы, не маңызды? Қазақстан ЕО-ға мүше елдермен сауда-саттық қарым-қатынастарды орнатуға және инвестициялар тартуға мүдделі. Сондықтан, елдің өзіне, осы елде жұмыс істейтін компанияларға да Қазақстанның санкцияларды айналып өту орнына айналғаны тиімді емес. Бұл бәріміз үшін ортақ сын-тегеурін және біз Қазақстанның бұл мәселені бірге шешуге дайын болуын жоғары бағалаймыз", - деді спикер.
Жалпы, оның айтуынша, Еуропалық Одақ Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа оң қарайды. Елші ЕО – Қазақстанның негізгі және бас сауда әрі инвестициялық серіктесі екенін еске салды. Еуропалық одақ елдері жоспарында Қазақстанмен бірлесіп "жасыл" технологиялар мен көлік салаларында жүзеге асыра алатын көптеген амбициялық жобалар бар.
"Біз Қазақстанмен қарым-қатынасымызды одан әрі оң тұрғыда ілгерілетіп, тығыз ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Тағы да атап өткім келеді: Санкциялардың біздің тығыз әрі терең ынтымақтастығымызға кедергі болғанын қаламаймыз", – деп сөзін қорытындылады Дэвид О'Салливан.