"Өздеріңізге белгілі, жыл басынан қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталуда. Қаңтар-қазан айларын қорытындылай келе, өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 100,2 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 115,2 пайызды, құрылыс жұмыстарының көлемі 105,5 пайызды құрады. Сондай-ақ, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 101,6 пайыз болса, ауылшаруашылығы саласының нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Ал, сауда саласы бойынша бөлшек сауда тауар айналымы 101,3 пайызды және көтерме сауда тауар айналымы 108,8 пайыздық межеге жетіп отыр. Өздеріңіз байқағандай, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде жыл басынан бері өсім қалыптасуда. Жалпы қала аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 29,8 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, жобалар іске асырылғанда 849 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде". Қала әкімі
Сонымен қатар "Тараз" индустриалды аймағын құру жоспарлануда. Ол үшін жалпы ауданы 184,6 гектар жер телімі анықталып, басқарушы компанияға ұсынылған. Қазіргі таңда инвесторлар құны 27,6 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Бұған қоса тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында индустриалды аймақ құруға қала маңынан 70 гектар жер телімі қарастырылуда.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің сұраныстары негізінде шағын бизнес бастамаларды жүзеге асыру мақсатында қала аумағында 1,6 гектар жер телімі белгіленді. Қазіргі таңда "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе 100-ге жуық жобалардың тізімі жасақталды. Әр жобаның мүмкіндігіне қарай орындар белгіленіп, шеберханалар, цехтар ашылады, – деді шаһар басшысы.
Биыл облыс орталығында атқарылған ауқымды жұмыстар көңіл қуантады. Айталық, биыл 11,7 миллиард теңгеге Сүлейменов көшесінің соңындағы 15 мөлтек ауданында 37 көппәтерлі тұрғын үйдің және Аскаров көшесінің соңындағы алқапта 16 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда Сүлейменов көшесінің соңындағы №15 ықшамауданында 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 11 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Ал, қалған үйлер 2024 жылға өтпелі. Сонымен қатар, әлеуметтік осал және көп балалы отбасыларға 200 пәтер сатып алуға Ұлттық қор есебінен 1 миллиард 920 миллион теңге және облыстық бюджет есебінен 150 миллион теңге қарастырылған.
Қазір қалада жол жөндеу жұмыстарына да айрықша басымдық берілген. Биыл ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын 44 жобаны орташа жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 29 нысанда жұмыстар толық аяқталды қалған 15 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, 2 көшені қайта жаңғыртудан өткізуге 1 миллиард 354 миллион теңге қаржы қарастырылып, Саңырақ батыр көшесі толық аяқталса, Шостакович көшесі бойынша - Әл Фараби көшесінен бастап Саңырақ батыр көшесіне дейін құрылыс-монтаж жұмыстары тәмамдалған.
Бұдан бөлек биыл шаһарда 26 ауланы абаттандыру жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 625 миллион теңге қаражат бөлініп, бүгінгі таңда, 24 ауланы абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған аулаларда кіші архитектуралық элементтер орнату, асфальт жаю, төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биыл Тараз қаласындағы 68 көшеге түнгі жарық шамдарын орналастыруға 500 миллион теңге қарастырылды. Үнемделген қаражат есебінен қосымша 15 көшеге түнгі жарық шамдары жүргізілді. Осылайша жалпы 83 көше жарықтандырылған.
Келесі кезекте мәслихат депутаттары көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Басқосу соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.