Президент оны татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке деп атады.
"Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Бүгінде еліміздің барша азаматтары біртұтас ұлт болып Әділетті Қазақстанды құрып жатыр. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы". ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент ел бірлігі, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде сыналатынын да баса атап өтті.
"Биыл біз бұрын-соңды болмаған "алапат тасқынмен" бірлесе күресіп жатырмыз. Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді. Халқымыз жасампаздық пен жаңашылдық, еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерінің арқасында өсіп-өркендей береді деп сенемін".ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Сөз соңында Президент баршаға зор денсаулық, толағай табыс тілеп, әр шаңыраққа құт-береке даруын тіледі.
Айта кетсек, Халық бірлігі күні Қазақстанда 1996 жылдан бастап атап өтіледі және ол ҚР мерекелер күнтізбесіне енгізілген.
Дәстүр бойынша, мамырдың бірінші күнінде республикамызда демалыс жарияланып, елімізде тұратын барлық этностың бірлігі мен өзара құрметін атап өту әдетке айналған. Қалаларда әртүрлі этностардың татулығын көрсетуге арналған жаппай мерекелер, фестивальдар мен байқаулар өтеді. Қазақстанда бейбітшілік пен өзара ымырада барлығы 124 этнос өкілі тұрады.