2024 жылы 21 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Бұл туралы 13 мамырда арнайы брифинг барысында ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
"Іс-шараға ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (ӨТҚҚ) Атқарушы комитетінің директоры қатысады".Айбек Смадияров
Отырыс барысында ағымдағы жылы Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Басшылары Кеңесінің отырысына дайындық барысын қарау жоспарлануда.
"Делегация басшылары Ұйым аясындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы халықаралық және өңірлік ахуал, қауіпсіздік және ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасады". Айбек Смадияров
Отырыста Ұйымның алдағы саммитінің қорытынды құжаттарына қатысты бірқатар шешімдерге қол қою, сондай-ақ Ақпараттық хабарлама қабылдау жоспарлануда.
Бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан (ШЫҰ-ның 2017 жылдан бастап толық құқылы мүшесі), Үндістан (ШЫҰ-ның 2017 жылдан бастап толық құқылы мүшесі), Иран (ШЫҰ-ның 2022 жылғы қыркүйектен бастап толық құқылы мүшесі) кіреді. Беларусь - толық мүшеліктен үміткер.