Оның сөзінше, қоғам санасындағы және жұрттың мінез-құлқындағы әбден ескірген қасаң түсініктер мен ұғымдар келмеске кетпесе, саясат пен экономикадағы ауқымды реформалар еш нәтиже бермейді. Ескішілдік пен өркениетті даму жолы ешқашан бір арнаға тоғыспайды.
Мысалы, 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады.
Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық. Сондықтан Президент Атырауда сөйлеген сөзінде жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап берді. Бұл:
- Тәуелсіздік және отаншылдық;
- Бірлік пен ынтымақ;
- Әділдік және жауапкершілік;
- Заң мен тәртіп;
- Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
- Жасампаздық пен жаңашылдық.
Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек.
Ұлттық құрылтайдағы бастамаларды жүзеге асыру үшін 40 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Осы құжаттың аясында жыл соңына дейін 9 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның үшеуін Парламент мақұлдап, Президент қол қойды. Жақында "Заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар" бекітіледі. Сондай-ақ басқа да тұжырымдамалық құжаттар әзірлеп, нақты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылған.
Жалпыұлттық құндылықтарды әдістемелік тұрғыда негіздей отырып, жан-жақты дәріптеудің әдеттегі жалаң үгіт-насихаттан айырмашылығы – бұл тәсіл бірден нәтиже бермесе де, стратегиялық жағынан алғанда әлдеқайда тиімді.
Жаңа құндылықтар жүйесі әр азаматтың мінез-құлқы мен күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы керек. Сол себепті, билік "Таза Қазақстан" экологиялық акциясына баса мән беріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы жалпыұлттық науқанның маңызы зор екенін ұдайы айтып жүргенін көпшілік байқаған да болар. Шын мәнінде, елді жаңғырту әркімнің өз үйін, ауласын, көшесін тазалау сияқты қарапайым шаруалардан, әр адамның өз мінез-құлқы мен мәдениетін өзгертуден басталады.
Сонда жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қазір жүргізіліп жатқан реформалардың дәйекті түрде жүзеге асырылуына, сол арқылы Қазақстанның өркендеуіне қажетті негізгі алғышартқа айналады.
Сонымен қатар, Ерлан Қарин жаңа идеологиялық тұғырнама жайлы да айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан, идеологиялық сипаты "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасында көрініс тапқан саясаты басты бес тұжырымға негізделген. Президент оның әрқайсысын әртүрлі кезеңде ұсынып, саяси өмірге біртіндеп енгізіп келеді.
"Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт" атты алғашқы тұжырым "Әділдік және Әділетті Қазақстан дегеніміз не?" деген сауалға жауап береді. Бұл жерде әңгіменің түйіні тең құқылы, сындарлы талқылау арқылы бәріне ортақ байлам жасап, шешім қабылдау қажет деген пайымға келіп тіреледі. Әділетті Қазақстанды құру жолында теңқұқылық қағидаты өте маңызды. Осы қағидат берік орнықса, азаматтардың бәрі өзінің жеке әлеуетін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан бірдей құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" атты екінші тұжырым "әділдік ҚАЛАЙ орнайды?" деген сауалға "ел-жұртпен тығыз байланыста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдай білу арқылы орнығады" деп жауап беруге негізделген. Дегенмен "халық үніне құлақ асатын мемлекет" ұғымы азаматтардың күнделікті түйткілдерін шұғыл әрі тиімді шешуді ғана меңземейді. Сонымен қатар, бұл тұжырымдама елімізді дамытуға қатысты басты мәселелер бойынша қоғамның барлық өкілінің пікірін ескере отырып, байыпты әрі ортақ шешім қабылданатынын аңғартады. "Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" жарқын мысалы ретінде Конституцияға өзгерістер енгізу үшін өткізілген референдумды айтуға болады.
Үшінші тұжырым – "Заң және тәртіп" әділдік орнатудың әдіс-тәсілдерін айқындайды, яғни "Әділдікті қандай жолмен орнатамыз?" деген сауалға жауап береді. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы заң бұзған адамның қалайда жазасын алуы – қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе, тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты оқиғалардан айқын көрінеді. Қылмыс жасаған адамның лайықты жазалануы – әділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне және тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Бұл ретте мына жайтты түсініп алған жөн. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана міндеті емес. "Заң және тәртіп" қағидатының қоғамда орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс.
Төртінші тұжырым – "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" Әділетті Қазақстанның институционалдық ауқымын айқындайды, яғни "Әділетті Қазақстан" қандай болуы керек?" деген сұраққа жауап береді. 2019–2021 жылдардағы саяси реформалардың төрт топтамасы және 2022 жылғы саяси жаңғыру бағдарламасы осы тұжырымды нақты жүзеге асыруға арналды. Соның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік жүйесі бар мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық үлгісі қалыптасты.
Бесінші тұжырым – "Адал азамат" ұғымы "Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?" деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді.
Мемлекет басшысы: "Адал азамат" – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам" деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз.
Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған идеологиялық тұғырнама елімізді одан әрі жан-жақты жаңғыртуға қатысы бар салалардың бәріне тың серпін береді.