АШМ басшысының айтуынша, жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,4% - ға артып, 1,6 трлн теңгеге жетті.
"Биылғы жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн га құрады, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика бойынша ағымдағы жылға арналған егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарларына қол жеткізілді. Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды, сонымен бірге майлы дақылдар алқабы 608 мың гектарға, қант қызылшасы – 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақылдар: күріш – 6,9 мың гектарға, мақта – 16 мың гектарға дейін азайды", – деді Айдарбек Сапаров.
Ол монокультура – бидай алқаптарын қысқарту бойынша республикалық көрсеткіш 4,7% - ға асыра орындалғанын атап өтті: 430 мың гектардың орнына 450,3 мың гектарға қысқартылды.
"Суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша Алматы және Жетісу облыстарында күріш бойынша индикаторларға қол жеткізілген жоқ. Мақта бойынша жоспар толығымен орындалды, 16 мың га қысқартылды. Ал қант қызылшасы бойынша республикалық жоспар 10,4% орындалмады. Атап айтқанда, Алматы облысында жоспар тек 50% – ға, Жамбыл облысында 74% – ға орындалды", - деді Айдарбек Сапаров.
Ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков 2024 жылы 28 мамырда Мәжіліс дәлізінде күріш пен мақта дақылдары алқабын қысқарту туралы шешімге қатысты түсініктеме берді.