Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір дүниежүзінің елдері Ресей Федерациясының Курск облысындағы жағдайға алаңдап отырғанын жеткізді.
Смадияров Қазақстан үнемі саяси-дипломатиялық жолдарды кеңінен пайдаланып, мемлекеттер арасындағы барлық қақтығысты тек бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын баса атап өтті.
"Осыған байланысты біз саяси-дипломатиялық құралдарды кеңінен пайдалана отырып, мемлекеттер арасындағы барлық қақтығысты тек бейбіт жолмен шешуді дәйекті түрде қолдаймыз. Сонымен қатар, өзара қолайлы шешімдерді жүйелі түрде қарастыруға бағытталған халықаралық қоғамдастықтың кез келген күш-жігерін құптаймыз". Айбек Смадияров
12 тамызда Президент Владимир Путин Курск облысындағы жағдай бойынша жедел кеңес өткізді. Ел президенті облыстың зардап шеккен аудандарында ипотекалық несие мен өзге де несиелер бойынша төлемдерге мораторий жариялауды қолдады.
Айта кетсек, Украина Қарулы күштерінің Курск облысына шабуылы 6 тамызда басталып, әлі жалғасып жатыр.