Депутат аталған секцияда сөз сөйлеп, бірнеше ұсыныс айтқанын жеткізді.
"Мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеру бойынша: мемлекеттік қызметке қабылданушыларға қатысты тестте қазақ тілінің нәтижесі бірінші кезекте ескерілуі қажет. Қазіргі жағдайда тест тапсырушы тұлға қазақ тілінен нөл нәтиже алса да мемлекеттік қызметке қабылдана береді. Тұрғындарының 90%-дан астамы қазақ ұлтынан тұратын өңірлерден бастап, мемлекеттік органдарда ісқағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізу процесін бастау керек. Басқа өңірлердің мемлекеттік органдарында ісқағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізуді, қазақ ұлтының үлесін ескере отырып, кезең-кезеңмен жоспарлы түрде өткізу қажет. Қазақ тілі - еліміздегі ұлттарды ұйыстыратын бірден бір мемлекеттік құндылығымыз!", деп жазды Еділ Жаңбыршин Facebook-тегі парақшасында.
Депутат, екінші кезекте Мұрын жырау Сеңірбекұлының мұрасын, яғни "Қырымның қырық батыры" жырларын зерттеу, зерделеу және насихаттауды, ол үшін мынандай шараларды қабылдауды ұсынады:
- Мұрын жырау мұрасын ЮНЕСКО-ның бейматериалдық құндылықтар тізіміне енгізу;
- "Қырымның қырық батырын" білім ордаларының (мектеп, колледж, ЖОО) оқу бағдарламаларына енгізу;
- республикалық деңгейде арнайы аталып өтетін тұлғалардың тізіміне Мұрын жырау Сеңгірбекұлын енгізу.️
Саясаткер ЛГБТ насихатына толық тыйым салатын заң нормасын енгізудің уақыты келді деп санап, тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселеде Парламент депутаттарын толық қолдаулары қажет екенін айтады.
Сондай-ақ ол фонограмма мен дубляж мәселесін де қозғайды.
"Мәдени-көпшілік шараларда фонограммамен ән айтуға тыйым салу керек. Министр Аида Балаева таланттарды шығаруда бұл мәселені қолдайтынын, барлық тараптармен бұл мәселені жан-жақты талқылап, шешім қабылдау керектігін айтты. Қазақстанға шет елден келетін көркем фильмді дубляж жасауды бір компания алып алған, яғни монополист. Ол компания дубляжды тек басқа тілде аударып отыр, фильмдерді мемлекеттік тілге аудару жоқтың-қасы. Енді осы компанияға фильмдерді мемлекеттік тілге аударуға талап қою немесе лицензия талаптарын қайта қарап, бәсекелестік жағдай жасап, басқа да дубляж жасайтын компанияларға жол ашуды ұсындық", деп жазады депутат желіде.
Оның айтуынша, интернет алаяқтардан азаматтарымызды мемлекет тарапынан киберқорғау шаралары әлі де әлсіз болып отыр. Банктер тарапынан да азаматтардың активтері мен жеке мәліметтерін қорғау өз деңгейінде емес.
"Көптеген азаматтар солардың қитұрқы әдіс-тәсілдерінен қаржыларынан айырылып қалып жатыр, мемлекет сыртына миллиардтаған қаржы кетіп қалуда. Осыған орай құқық қорғау органдарын киберқорғаныспен айналысатын мықты кадрлармен, заманауи жабдықтармен және технологиялармен қамтамасыз ету қажет. Банктердің ішкі бақылау қызметтерінің жұмыстарын қайта қарап, олардың құқық қорғау органдарымен жұмыстарын үйлестіруді жетілдіру қажет. Алаяқтарға қарсы күреске бағытталған арнайы қазақстандық IT бағдарламаларды кеңінен қолдану қажет. Әлемдік деңгейдегі ондай бағдарламалар бізде бар", деп сөзін түйіндейді Жаңбыршин.
Айта кетсек, Қазақстан Президенті 14 наурызда Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құрылтайдың 100-ден астам мүшесі түрлі талқылауларға қатысып, күннің бірінші жартысында әлеуметтік-экономикалық дамудан бастап өскелең ұрпақты тәрбиелеуге дейінгі көптеген мәселелерді қозғайтын 120 ұсыныс енгізді деп айтқанын жазғанбыз. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Саясат Нұрбектің Қазақстан тарихының көптомдығына қатысты білдірген пікірін жариялаған едік.