Аида Балаева Ұлттық құрылтай жайлы: Қазірдің өзінде 120-дан астам ұсыныс енгізілді

Бұл талқылау алаңында құрылтай мүшелері идеология ісіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Атап айтсақ, отбасы құндылықтарын нығайту, қазақша контентті дамытып, тіліміздің қолдану аясын кеңейту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау және баспа ісін жүйелеу туралы келелі ұсыныстар айтылды. Отырыс соңында Мәдениет және ақпарат министрі журналистердің Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысты сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, құрылтайдың 100-ден астам мүшесі түрлі талқылауларға қатысып, күннің бірінші жартысында әлеуметтік-экономикалық дамудан бастап өскелең ұрпақты тәрбиелеуге дейінгі көптеген мәселелерді қозғайтын 120-дан астам ұсыныс енгізілген.
"Енгізілген ұсыныстар қоғамның әртүрлі салаларының дамуына тікелей әсер ететін көптеген мәселелерді қамтиды. Бұл - білім, ғылым, әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау мәселелері", - деді Балаева.
Министр құрылтай мүшелері арасында белсенді пікір-таластар мен көзқарастардың әртүрлілігінің маңыздылығын атап өтті, оның пікірінше, бұл көптеген проблемалық жайттарды шешуге көмектеседі. Атап айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасының рөлі мәселесі көтерілді және құрылтайдың барлық дерлік мүшелері дәстүрлі отбасылық құндылықтарды белсенді насихаттау қажеттілігін қолдады.
Әлеуметтік бастамалар мен азаматтық қоғамды дамытуға, сондай-ақ ҚҚС мөлшерлемесін арттыру сияқты экономикалық шаралар әсері, кітап шығару мен кинематографияны өркендетуге ықпал ететін мәселелерге ерекше назар аударылды.
"Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері өзекті болып қала береді және барлық ұсыныс мұқият талданып, олардың іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға берілетініне сенімдімін", — деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол құрылтайдың барлық қатысушыларының жемісті жұмысына тілек білдіре отырып, Қазақстанның одан әрі дамуы үшін осындай талқылаулардың маңыздылығын атап өтті.
Министр мемлекеттік тілді дамытудағы жетістіктерге де тоқталды. Оның айтуынша, бүгіндері қазақ тілі толығымен цифрландырылған және қазір көптеген жасанды интеллект платформаларында қолжетімді.
Азаматтық қоғам секциясында Адвокат Айман Омарова еліміздегі педофилиямен байланысты мәселелерді көтерді. Ал депутат Максим Рожин қоғамда кездесіп жататын қарапайым мәдениет пен этикадан жұрдай жандардың жайтын мәселе ретінде көтеріп, осы бағытта да күрес жүргізу қажеттігіне баса назар аударды.
Сондай-ақ Қазақстанда археологиялық депозитарий құру жайы қозғалды, мұндайда тарихшылар сирек кездесетін жәдігерлерді сақтау мүмкіндігіне ие болар еді.
Айта кетсек, Қазақстан Президенті 14 наурызда Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады. Ұлттық құрылтайдың алдыңғы отырыстары 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда өткен болатын.