Токаев Қазақстанға қабырға емес, көпірлер салуды ұсынып отыр – саясаттанушы Юрий Бочаров

Сурет: stmegi.com
Израильдік саясаттанушы Юрий Бочаровтың пікірінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді цифрлық серпіліске бағыттап, негізгі саяси реформаларды халық талқысына ұсынып, жаһандық дағдарыс жағдайында Қазақстанға бейбіт делдал әрі сенімді әріптес болуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

– Юрий Борисович, сіздің ойыңызша, жаһандық трансформация мен жаңа әлемдік тәртіп жағдайында президент Тоқаев Қазақстанды қалай позициялап отыр?

– Президент өте орынды атап өтті: қазіргі әлем қақтығыстар мен дағдарыстар ушығып, одақтар қайта құрылып жатқан "жаңа әлемдік тәртіп" кезеңіне аяқ басты. Бұл жағдайда Қазақстан өзін "тұрақтылық аралы" әрі конструктивті делдал ретінде көрсетіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыруда: Ол ШЫҰ, БҰҰ, АӨСШК ұйымдарына белсенді қатысып, Еуропалық Одақпен және АҚШ-пен әріптестік орнатып, сонымен бірге Ресей және Қытаймен сындарлы байланыстарды сақтап отыр.

Бұл – әлемге берілген маңызды белгі: Қазақстан өзін тек Шығыс пен Батыстың арасындағы ғана емес, Солтүстік пен Оңтүстіктің де арасындағы көпір ретінде ұсынады. Яғни, бұл – келіссөздер жүргізуге болатын ел. Қазіргі жаһандық турбуленттілік жағдайында дәл осындай ойыншылар – бейбіт диалогтың тірегі бола алатын елдер – ерекше маңызды.

– Президент Тоқаев Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл бастама туралы не айтасыз?

– Иә, бұл өте өршіл мақсат. Бірақ дәл осындай амбициялар даму қозғаушысы болып табылады. Қазақстан қазірдің өзінде электрондық үкімет пен цифрлық мемлекеттік қызметтер саласында аймақтағы көшбасшыға айналды. Елдің финтех секторы ТМД елдері арасында ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі ретінде танылған.

Айта кетейін, бүгінгі таңда әлем компьютерлендіру кезеңінен өтіп, жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Бұл мүмкіндікті, әсіресе Қазақстан сияқты болашағын ойлайтын, ресурсы бар мемлекет үшін, жіберіп алмау маңызды.

Президенттің Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан" атты Жолдауы да осының дәлелі. Бұл тақырып енді тек теория емес – стратегиялық күн тәртібіне айналды. Мен өзім де цифрлық мемлекет және жасанды интеллектті институционализациялау туралы жиі жазамын. Сондықтан бұл мәселенің президенттік деңгейде көтерілгеніне қуаныштымын.

Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру идеясы – әлемдік трендтерге толығымен сай келеді. Бұл ретте Тоқаев жай ғана технологиялық үрдіске жауап беріп отырған жоқ, оны өзі қалыптастырып отыр. Цифрландыруға басымдық беру – бұл Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналу үшін жасалған стратегиялық қадам. Бұл – Қазақстанның жаһандық цифрлық бәсекеге қосылуына мүмкіндік береді.

– Президенттің Сенатты таратып, бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысын қалай бағалайсыз? Мұндай өзгерістің саяси жүйеге қандай пайдасы бар?

– Әлемде демократиялық басқарудың ондаған моделі бар: президенттік, парламенттік, аралас жүйелер, технократиялық кабинеттер. Бір идеал үлгі бар деп кесіп айтуға болмайды. Сондықтан халық пен билік арасындағы өзара тиімді қарым-қатынас формасын іздеу орынды.

Президенттің бір палаталы Парламентке көшу ұсынысы – бұл тек құрылымдық өзгеріс емес. Бұл – халықпен тиімді диалог орнатудың жолы. Мұндай реформа шешім қабылдау процесін жылдам әрі ашық етіп, халыққа жақындатады. Сонымен қатар, қоғамның сұранысын естіп, оған нақты жауап беру мүмкіндігін арттырады.

– Президент бұл бастаманы 2027 жылы референдумға шығармақ. Бұл Тоқаевтың басқару стилі туралы не айтады?

– Тоқаевтың бұл реформа бойынша шешімді жалпыұлттық референдум арқылы қабылдауды ұсынуы – оның халықпен ашық жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. Ол маңызды мәселелерді жабық кабинеттерде шешпей, халықты өзгерістердің тең авторына айналдыруды мақсат етіп отыр.

Тағы бір маңызды жайт – референдум "ертең емес", екі жылдан кейін өтеді. Бұл – қоғамға ойланып, саналы шешім қабылдауға мүмкіндік беру деген сөз. Мұндай тәсіл – жауапты және алысты болжайтын көшбасшының шешімі. Реформа ашық түрде дайындалады, қоғамдық талқылау жүргізіледі, әр тарап өз пікірін айтуға мүмкіндік алады. Бұл халықтың сенімін арттырады және мемлекеттік институттардың беделін көтереді.

Тоқаев мынаны көрсетіп отыр: билік халықтан қорықпау керек, керісінше, онымен сөйлесіп, тыңдай білуі қажет. Сондықтан бұл тек Парламент құрылымын өзгерту емес, бұл – жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

– Тоқаевтың сыртқы саясаттағы бағытын қалай бағалайсыз? Қазақстанның бейтарап, бірақ белсенді ұстанымы қаншалықты нәтижелі?

– Қазіргі жаһандық дағдарыс жағдайында көптеген елдер тұйықталып, ішкі тұрақтылықты жоғалтып жатыр. Осындай кезде Қазақстан мүлде басқа жолды таңдап отыр.

Тоқаев әлем өзгергенін, державалар арасындағы бәсеке күшейіп, халықаралық институттардың да сенім дағдарысын бастан өткеріп жатқанын жақсы біледі. Осы жағдайда ол Қазақстанға қабырға емес, көпір салуды ұсынып отыр.

Салмақты және теңгерімді сыртқы саясат – бұл жай ғана бейтараптық емес, бұл – ұзақмерзімді тұрақтылық пен даму стратегиясы. Қазақстан инвестицияға ашық, сауда жолдарын кеңейтіп, Шығыс пен Батысқа да, Солтүстік пен Оңтүстікке де бейтарап әріптес бола отырып, өз тәуелсіз үнін сақтап отыр.

Айта кету керек, бүкіл әлемде демократиялық көрсеткіштер төмендеген тұста (Global State of Democracy 2025, Freedom House, V-Dem деректері бойынша), Қазақстан тұрақтылықты сақтап қана қоймай, кейбір бағыттарда алға жылжып келеді. Бұл тек ТМД елдерімен салыстырғанда емес, кейбір Еуропа елдерінен де озық көрсеткіштер бар.

Бұл статистика ғана емес – бұл Тоқаев жүргізіп отырған әлеуметтік әділеттілікке және жауапты басқаруға негізделген саяси бағыттың нақты нәтижесі.

Бүгінгі таңда Тоқаев тек қазіргі жағдайға реакция білдіріп отырған жоқ, ол болашақ үшін стратегиялық модель құруда. Бұл модель Қазақстанды сенімді серіктес әрі бейбіт бастамашы ретінде аймақтық та, жаһандық деңгейде мойындатуға бағытталған.

– Президент Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында Қауіпсіздік Кеңесін реформалау жөнінде бастама ұсынбақ. Қазақстан бұл процеске қандай үлес қоса алады деп ойлайсыз?

– Тоқаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау туралы бастамасы – өте өзекті және дер кезінде көтерілген мәселе. Бұл туралы көптеген мемлекеттер айтып жүр, өйткені Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған құрылым қазіргі әлемнің шындығына сай келмейді.

Бүгінде әлемдік аренада жаңа ойыншылар пайда болды – Үндістан, Бразилия, Парсы шығанағы елдері және басқалар. Олар енді жай ғана бақылаушы болғысы келмейді.

Қазақстан 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жұмыс істеген тәжірибесіне сүйене отырып, бұл реформаны көтеруге саяси және моральдық құқығы бар. Қазақстанның ұстанымы айқын: әлем өзгерді, енді жаһандық қауіпсіздік жүйесі де өзгеруі тиіс. Қазақстан бұл талқылауды тек қолдап қана қоймай, оның жүргізушісі (драйвері) болуға дайын екенін көрсетіп отыр.

Бұл бастама Глобалды Оңтүстіктің, Азияның және Орталық Еуразияның мүдделерін ескеретін жаңа форматтарды ұсынуға бағытталған.

Барлық осы сұрақтарға жауап бере отырып, мен бір нәрсеге көз жеткіздім: Қазақстан дұрыс жолмен келе жатыр. Демократиялық рейтингтер мен көрсеткіштер туралы түрлі пікірлер болғанымен, ел тұрақтылықты сақтап, экономиканы жаңғыртып, аймақтағы цифрлық көшбасшыға айналып келеді және билік пен халық арасындағы жаңа диалог форматын қалыптастырып отыр.

Мұның барлығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген саясатының жемісі. Оның жаһандық үрдістерді алдын ала көру қабілеті, батыл реформаларға баруға дайын болуы және халықтың үнін тыңдай білуі Қазақстанды сенімді серіктеске және аймақта үлгі бола алатын мемлекетке айналдыруда.

Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды