Ақорданың хабарлауынша, құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған.
Көлік технологиясы бойынша әлемдегі көшбасшы компания еліміздің теміржол саласын жаңғырту ісінде негізгі серіктестеріміздің бірі саналады.
2009 жылдан бері Астанада Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін "Қазақстан темір жолына" және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті.
Былтыр шілде айында Wabtec компаниясы елімізде инновацияларды енгізіп, кадр даярлауға үлес қосатын технологиялық және инженерлік орталығын ашты.
Сондай-ақ, Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Горды қабылдады.
Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджио Горды АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша арнаулы өкілі және АҚШ-тың Үндістандағы елшісі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Осы ретте Қазақстан Үкіметі оның миссиясына жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Мемлекет басшысы қазақ-америка стратегиялық серіктестігін нақты жетістіктермен одан әрі нығайтуға бағытталған диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты дамытуға мән берілді. Мемлекет басшысы еліміз АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұған дейін Тоқаев пен Meta компаниясының вице-президенті елімізде жасанды интеллектіні дамыту жайын талқылаған болатын.