Президент сондай-ақ: "Бір рет берілген деректерді қайта сұратуға болмайды", – деп атап өтті.
"Сонымен бірге мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылына қатысты барлық нормативтік актілерді қабылдауға дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізу қажет. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлерді артық бюрократиядан арылтып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, смарт-технологиялар әлеуметтік көңіл-күйден бастап негізгі экономикалық көрсеткіштерге дейінгі кең ауқымды деректерді талдап, өңдей алады.
"Бұл стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін едәуір арттырады, азаматтардың әл-ауқатын жақсартып, экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді. Азаматтар кредит беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейін алгоритмдік жүйелердің қалай жұмыс істейтінін білуі және түсінуі қажет", – деді Президент.
Сонымен қатар, ол жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына кеңінен енгізу үшін тиісті заңнаманы бейімдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
"Бұл еліміздің цифрлық және зияткерлік меншігін қорғаудың нақты тетіктері қабылдануы тиіс деген сөз. Ақыр соңында цифрландыру мен нейрожелілерді кеңінен қолдану Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа философиясына айналуы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Президент жасанды интеллектіні өмірдің барлық саласына енгізу "ұлттың менталитетіне оң ықпал етіп, өркениетке қарай үлкен қадам жасататынын" мәлімдеген болатын.