"Мемлекет басшысы "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы "2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Айта кетсек, 2025 жылы 20 қарашада Парламент Сенатының отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" ҚР Заңының жобасын таныстырған болатын.
"Жергілікті бюджеттер теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Барлық базалық шығыстар ескерілді. Даму бюджеті республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып қалыптастырылды", деп атап өтті вице-премьер.
Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге болады деп болжануда.
Парламент Сенатының отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин жалпы сипаттағы трансферттердің параметрлерін қарау барысында өңірлердің алдағы үш жылға арналған кірістерінің болжамды көлемін айтты.
Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы – 10,7 трлн теңге, 2027 жылы – 12,1 трлн теңге, 2028 жылы – 13,3 трлн теңге болады деп болжануда. Шығыстар 2026 жылы 14,9 трлн теңгені құраса, 2028 жылға қарай 18,7 трлн теңгеге дейін өседі.
Үш жылға арналған өңірлерді дамыту бюджеті 9,1 трлн теңгені құрайды. Парламент Сенатының кезекті отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін теңестіру үшін даму бюджетінің жыл сайын артуы туралы мәлімдеді.
"Даму бюджеті жыл сайын артып келеді: 2026 жылы – 1,8 трлн теңге, 2027 жылы – 3,2 трлн теңге және 2028 жылы – 4,1 трлн теңге. Үш жылда барлығы – 9,1 трлн теңге", деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар жиында "Бәйтерек" АҚ-ны капиталдандыруға шамамен 1 трлн теңге қарастырылатыны айтылды.
Бұған дейін Қазақстанда медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралып жатқаны хабарланған.