Президент ел өмірінің маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдерді марапаттады

Сурет: Ақорда
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz
"Марфуға Әжіғалиева жарты ғасырдан аса уақыт медицина саласында еңбек етіп жүр, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болды, дәрігерлер әулетінің бастауында тұр. Бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – "Отан" орденімен марапатталады. Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болды. Мен оны бірінші дәрежелі "Еңбек даңқы" орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым", - деді Мемлекет басшысы бұл ретте.

Президент шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүргенін де жеткізді. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталады.

"Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады", - деді Мемлекет басшысы.

"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға беріледі. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы құрметке жетіп отыр.

"Бұл жоғары атаққа көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды. Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусоваға "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы берілді. Оның педагог ретіндегі еңбегі жуырда халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды. Осы атаққа азаматтық ұстанымымен белгілі, әсіресе, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да лайық", - деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жастар арасындағы бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бүгін оған "Парасат" ордені табысталады.

"Парасат"орденімен белгілі жазушы, аудармашы, тіліміздің нағыз жанашыры Камал Әлпейісова марапатталады.

"Арамызда отырған Мария Зейнелованың ерен еңбегін де атап өту қажет. Ардагер маман Наурызым қорығында 43 жыл жұмыс істеп, табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосты. Ал Айсұлу Шуақбаева 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп, ел игілігін арттыруға атсалысып келеді. Өз міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандар "Құрмет" орденімен марапатталады", - дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұстаздар қауымын да назардан тыс қалдырмады.

"Осы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар. Олар білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүр. Осыған орай, тәжірибелі педагог Жанна Левковичке "Құрмет" ордені, ал жас мұғалім Мария Суринаға "Шапағат" медалі табысталады", - деді президент.

Тоқаев тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаеваның еңбегі аса маңызды десек қате болмайтынын баса атап өтті.

"Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған "Ерен еңбегі үшін" медалі беріледі. Бұдан бөлек, Жапониядан келген белгілі өнерпаз Сузуки Канон да осы салтанатты іс-шараға арнайы шақырылды. Сузуки ханым Қазақстанда балет өнерін дамытуға белсене атсалысуда. Сондықтан оны "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапаттаймын", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген осындай аруларды мақтан тұтатынымызды, оларды жас буынға үлгі ететінімізді айтты.


"Отан отбасынан басталады" деген сөздің терең әрі жан-жақты мағынасы бар. Қазақ әйелдері шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отыр. Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр. Мен мұны елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санаймын. Әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейді". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін президент төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болғанын айтқан болатын.

Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматыда бірқатар шағын аудандар мен көшелердің атауы өзгерді 

Парламенттік реформа бойынша референдум қашан өтетіні белгілі болды

Оралда әкімдер мен депутаттың да үрейін алған блогер сотталды

Қазақстанның ресми халық саны аталды

Бас прокуратурада жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті