Қасым-Жомарт Тоқаев нәзік жандылар қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нәзік жандылар қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылы 8 наурызда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады:

Президент Қазақстанның әйелдер қауымын көктемдегі атаулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, осы тамаша мейрам – барша нәзік жандылар қауымына арналған ерекше сезім мен зор құрметтің жарқын көрінісі екенін жеткізді.

"Әйел – көңілге шаттық сыйлап, шабытқа қанат бітіретін көркемдік пен сұлулықтың символы, жасампаздық пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі әйел затынан бастау алады. Әйелдің жаны нәзік болса да, болмысы – мықты. Олар кез келген қиындықты еңсеріп, әрдайым даналық пен даралықтың, шыдамдылық пен батылдықтың, сенімділік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір әйелдің өмірге нәр беретін, әлемге жарық сыйлайтын, жоқтан бар жасайтын, тіпті, жауласқанды татуластырып, бейбітшілікке шақыратын ғажап қасиеті бар. Әйел табиғатының басты құпиясы мен сыры да – осында", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент "Әйел – ұлттың жаны" десек, артық болмайтынын айта келе, олар берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасатынын, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіретінін баса атап өтті.

"Ұлы даланың қайсар қыздары жайлы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Қазақ аруларының парасаттылығы мен батырлығы жұртымыздың жадында жатталып, тарихында таңбаланып қалған. Осы сабақтастық қазір де сақталып отыр. Көптеген қыз-келіншектер Отанымызға қалтқысыз қызмет етіп, мектептер мен университеттерде, емханалар мен зертханаларда, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, өнер мен бизнесте, өндіріс орындары мен шаруашылықтарда, әскери бөлімшелерде жәнеел өмірінің басқа да салаларында абыройлы еңбек етіп жүр", - дейді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқымыздың келешектегі тағдырына тікелей ықпал ететін ауқымды жаңғыру жолына түскенін де еске сала кетті.

"Жаңа Халық Конституциясы жобасының өзегі – еліміздің Тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, азаматтардың мүдделері мен құқықтары. Референдумға шығарылған жаңа Ата заңның жобасында ана мен баланы қорғау, неке және отбасы институтын күшейту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда заңды құрметтеу, табиғатты аялау, әділдік, еңбекқорлық, жауапты және жасампаз отаншылдық қағидаттарын орнықтыруға баса мән берілді", - деді Мемлекет басшысы.

Презиент әйелдер қауымы болашақта да өздерінің адалдығымен, қарым-қабілетімен, ерекше күш-жігерімен Әділетті, Өркендеген Қазақстанды құруға белсене атсалыса беретіндігіне кәміл сенетінін жеткізді.

"Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!", делінген президенттің құттықтау сөзінде", деп сөзін түйіндеді президент.

Бұған дейін президент ел өмірінің маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдерді марапаттаған болатын.

Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматыда бірқатар шағын аудандар мен көшелердің атауы өзгерді 

Парламенттік реформа бойынша референдум қашан өтетіні белгілі болды

Оралда әкімдер мен депутаттың да үрейін алған блогер сотталды

Қазақстанның ресми халық саны аталды

Бас прокуратурада жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті