Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алатау қаласы цифрлық технологияларға негізделген заманауи мегаполис ретінде дамиды. Президент қала Smart City шешімдерін енгізудің, интеллектуалды көлік жүйелері мен цифрлық сервистерді дамытудың негізгі алаңына айналуға тиіс екенін атап өтті.
Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнемдейтін нысандар мен озық телекоммуникация инфрақұрылымының негізгі алаңына айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда цифрлық активтерді, токендеуді, блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесі қалыптастырылып жатыр.
Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, "токендеу", блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы "Алатау" жобасына қатысушыларға "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктері қолжетімді болатынын айтты.
Президенттің мәліметінше, АХҚО ағылшын құқығы қағидаттары негізінде жұмыс істейді және бүгінде онда әлемнің 90-нан астам елінен келген 6 мыңға жуық компания тіркелген.
"Алатау" жобасына қатысушылар "Астана" халықаралық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Орталық ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді және онда әлемнің 90-нан астам елінен жиналған 6 мыңға жуық компания қызмет етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласының болашағына ерекше тоқталып, оның Еуразия кеңістігіндегі инновациялар мен инвестициялардың маңызды орталығына айналатынына сенім білдірді.
Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.