Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айналмауы керек

Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 30 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде ұйымның институционалдық құрылымын нығайту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы ТМҰ әскери одаққа айналмауы керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымының қызмет аясы айтарлықтай кеңейіп, 60 түрлі бағытты қамтыған.

"Сонымен қатар кейбір функциялардың бірін-бірі қайталайтыны анық. Осыған байланысты бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттарын айқындауымыз қажет. Жалпы, алдымызда тұрған міндеттер мен басымдықтарды жүйелеу керек. Бұдан бөлек, ұйым аясында жоғары деңгейде қол қойылған келісімдердің ережелерін бұзуға жол берілмейтінін атап өткім келеді. Сондай-ақ ТМҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру қажет деп санаймын. Биыл мамыр айында Түркістанда өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одақ емес екенін және болашақта да әскери одаққа айналмауы керектігін айтқан болатынмын. Бұл – Қазақстанның ұстанымы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы "Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта" деген қазақ мақалына тоқталып, ортақ мақсаттарға жету үшін күш біріктірудің маңызын атап өтті.

"Бүгінгі кездесу ТМҰ қызметіне жаңа серпін беріп, өзара ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Осы орайда өткен жылдан бері ұйымға төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжанның оның беделін арттыруға қосқан зор үлесін ерекше атап өткім келеді. Әзербайжан тарапына алғысымды білдіремін. Енді төрағалық Түркияға өтеді. Алдағы кезеңде ұйым аясында жаңа бастамалар жүзеге асырылады деп сенемін. Атқарған жұмысы үшін Бас хатшы Қубанычбек Өмірәлиевке алғыс айтып, жаңа Бас хатшы Мирвоҳид Азимовқа табыс тілеймін. Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Түркия Республикасының Президентіне тағы да ризашылығымды білдіремін. Түркі халықтарының бірлігі нығая берсін!" – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.

Саммитте Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов және ТМҰ Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев те сөз сөйледі.

Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінің қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды.

Айта кетейік, саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қосылу мүмкіндігін қарастыруды да ұсынған болатын.

Түркия
Қасым-Жомарт Тоқаев

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда қалың қар мен нөсер жаңбыр жауып, -9 градусқа дейін аяз болады

Енді қазақстандықтар бес елде QR-код арқылы төлем жасай алады

Азық-түлік 18%-ға қымбаттауы мүмкін: Дүниежүзілік банк дабыл қақты

Түркі әлемінің әуені мен Димаштың өнері: Тоқаев Түркияда концерт тамашалады

30 қазандағы доллар, еуро және рубль бағамы: үш қаладағы айырбас курсы