Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр
Фото: senate.parlam.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Қасымалиев, екі елдің өңір басшылары, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының, Жетісу облысының, Алматы және Түркістан қалаларының, сондай-ақ Қырғызстанның Ыстықкөл, Шу, Талас, Ош, Жалал-Абад және Нарын облыстарының басшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.
Форумда өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды нығайту және сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік-логистика және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Екі елдің қалалары мен өңірлері арасындағы бауырластық байланыстарды дамытуға, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа әріптестік қатынастар орнатуға ерекше мән берілді.
"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен біз барлық елмен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды дәйекті түрде құрып келеміз. Мұндай тәсіл экономиканы нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біз бауырлас Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды жан-жақты дамытуға ерекше мән береміз", – деді Олжас Бектенов.
"Екіжақты ынтымақтастығымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Екінші өңіраралық форумды өткізуге ерекше мән береміз. Ол екіжақты өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды тетігіне айналып келеді. Қырғызстанның Шу, Талас және Ыстықкөл облыстары Қазақстанның Алматы және Жамбыл облыстарымен дәстүрлі түрде тығыз байланыста. Сонымен қатар өңіраралық ынтымақтастығымыз тек шекаралас облыстармен шектелмейді. Қалаларымыз бен облыстарымыз арасында да тікелей байланыстар орнатылған", – деді Әділбек Қасымалиев.
Қырғызстан – Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 33%-ға өсіп, 2,4 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 20%-ға артты.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойғанын атап өтті.
Экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуда шекара маңындағы өңірлерге маңызды рөл беріледі. Қазақстанның Алматы және Жамбыл облыстары Қырғызстанның Ыстықкөл, Талас және Шу облыстарымен шектеседі. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы шамамен 1,2 мың шақырымды құрайды.
Жамбыл облысын шекара маңындағы сауда мен логистиканың негізгі орталықтарының бірі ретінде дамытуға баса назар аударылды. Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы сегіз өткізу пунктінің жетеуі осы облыстың аумағында орналасқан. Мұнда қырғыз капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Жамбыл облысында іске асырылып жатқан Индустриялық сауда-логистикалық кешен бірлескен перспективалы жобалардың бірі саналады.
Көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары да қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы теміржол тасымалының көлемі 10%-ға өсіп, 6,8 млн тоннаға жетті. Биылғы жылдың тоғыз айында 5,1 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 8,3%-ға көп.
Автомобиль көлігі саласында да оң динамика байқалады: өткен жылдың қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 37%-ға өсіп, 3,7 млн тоннаны құрады. Көлік рәсімдерін жеңілдетудегі маңызды қадамдардың бірі рұқсат құжаттарын электронды түрде алмасу жүйесіне көшу болды.
Туризм саласында да айтарлықтай әлеует бар екені атап өтілді. Қазақстан мен Қырғызстанда тау, экологиялық, жағажай және іскерлік туризм бағыттарында бірлескен маршруттарды дамытуға мүмкіндік мол. Биылғы жылдың тоғыз айында екі ел арасындағы туристік ағын 4 млн адамнан асты.
Тараптар өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды одан әрі кеңейтуге, бірлескен өндірістерді, сауданы, көлік инфрақұрылымы мен туризмді дамытуға мүдделі екенін растады. Жоспарланған бастамаларды іске асыру қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігін нығайтуға және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына ықпал етеді.
Форум қорытындысы бойынша өңіраралық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Алматы мен Бішкек қалалары арасында 2026–2030 жылдарға арналған бауырластық байланыстарды дамыту, Түркістан мен Манас қалалары, сондай-ақ Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Ыстықкөл курорттық аймағы арасында бауырластық қатынастар орнату туралы келісімдер жасалды.
Бірқатар келісім Қырғызстанның Ыстықкөл, Жалал-Абад және Нарын облыстарымен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Бұдан бөлек, сауда, экспорт және қазақстандық өнімді Қырғызстан нарығында ілгерілету салаларында коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Бішкекте Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 14-отырысы өтетіні хабарланды.
2026 жылғы тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен Бішкекке жұмыс сапарымен барды. Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына және "ШЫҰ+" форматындағы кездесуге қатысты, сондай-ақ VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу салтанатына барды.





