Қазақстан мен Ресей тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыруға ниетті
Сурет: primeminister.kz
Екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, оның ішінде өзара тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыруға назар аударылды. Көлік-транзиттік ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, энергетика және газ, ғарыш салаларындағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды, делінген ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өткен жылы екіжақты тауар айналымы көлемі шамамен 3%-ға өсіп, 27,8 млрд долларға жетті. Бизнес субъектілері 45,4 мыңға жуық жұмыс орнын ашу арқылы бірлесіп 171 жобаны іске асырады.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара іс-қимыл. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, екіжақты негіздегі өзара шектеулерді алып тастау нәтижесінде саладағы тауар айналымы 4,5%-ға өсіп, 3,8 млрд доларды құрады.

Сурет: primeminister.kz
Көлік-транзиттік бағытта өткен жылдың қорытындысы бойынша "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізінің Шығыс тармағы бойынша жүк ағынының көрсеткіштері 2,4 млн тоннаға дейін өсті.
Тараптар өзара сауданың оң динамикасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Екіжақты сауда айналымын арттыруда және өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін шешуде Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның қызметі ерекше маңызға ие.
Келіссөздер қорытындысы бойынша өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту ниеттері расталды.
Айта кетсек, 19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Энергетика министрі Сергей Цивилевті қабылдаған болатын.