"Айтарға сөзім жоқ. Керемет жан алысып, жан беріскен ойын болды. Мұндай адаммен ойнаудың өзі рақат", дегенді ғана Данилина айта алды.
Кейінірек теннисші, әрине, өз қарсыластарына, командасына, турнирді ұйымдастыруға қатысқандардың барлығына, басшылықтан бастап өзін қолдауға келген Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа да алғыс білдірді:
"Көптеген жылдар бойы мені қолдап келген бүкіл федерацияға, Қазақстанның бүкіл теннисіне рақмет. Бұл керемет мүмкіндік және бұл атақты бірінші рет бірге жеңіп алғанымызға қуаныштымын".
Айта кетсек, турнир алдында Хелиёваара - Данилина жұбы тіпті бір-бірімен таныс та емес еді.
Харри Хелиёваара өз кезегінде Данилинаның арқасында жеңіске жеткендерін атап өтті.
"Турнир алдында біз тіпті бір-бірімізді танымайтын едік, ал енді мен оны өте жақсы білетін болдым. Финал кезінде бас айналдырар тамаша атмосфера болды! Біз "Үлкен Дулыға" турнирінің жеңімпазы атандық. Әрине, не істегенімізді түсіну үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін. Бастысы, финалда біз өзіміз қалаған нәрсені жасай алдық және онымыз өзімізге ұнады. Бірінші сетте әрбір қиын сәтте сәттілік біздің жағымызда болды, ал екіншісінде біз алға озып, тізгінді қолға алдық. Содан кейін бәрі өз орнына келді, ойынның соңы өте керемет болды. Менің серіктесім Анна керемет матч өткізді, ол осы турнирдегі аралас теннистен жұптық сындағы ең үздігі болды", – деді Хелиёваара.
Бұған дейін хабарланғандай, Анна Данилина Харри Хелиёваарамен бірге US Open-2023 турнирінің шешуші матчында жұптық аралас сында осы жарыстағы нөмір бірінші, корт иелері Джессика Пегул мен Остин Крайчекті жеңіп кетті.
Қазақстан – фин жұбы қортта 1 сағат 15 минут өткізіп, екі сетте 6:3, 6:4 есебімен өз мықтылықтарын дәлелдеді.
Біздің теннисші үшін бұл - "Үлкен дулыға" турнирлерінде жеңіп алған алғашқы атағы. Бір жыл бұрын ол бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен бірге Австралияның ашық чемпионатының финалына жетіп, ақтық сында жеңіліп қалған болатын.
US Open-2023 финалында жеңіске жеткен Анна Данилина мен Харри Хелиёваара 170 мың АҚШ доллары болатын жүлде қорына иелік етпек.