Руслан Ахметов сурдо таеквондодан әлем чемпионатында күміс медаль иеленді

Бішкек қаласында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында таеквондодан II әлем чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додада Астана қаласының спортшысы Руслан Ахметов 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 2-орын иеленді, деп хабарлайды Zakon.kz.


"Қарысыластар өте мықты болды. Жарыста бірнеше елдің спортшыларымен сынға түстім. Жетістікке жетуіме себепкер болған жаттықтырушыма алғыс білдіремін. Ол маған үлкен үміт артатынын айтып, алдыға қарай өрлеуіме дем береді. Бұл әлем чемпионатына бапкерім екеуміз 6 ай көлемінде дайындалдық. Соның нәтижесінде екінші орын алдым. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта тағы шындалып, ел намысын абыроймен қорғайтын боламыз. Бұл – тек бастамасы", - деді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Ахметов.

Сурдо таеквондо – жазғы Сурдолимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Есту мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған таеквондо жарыстары Халықаралық таеквондо федерациясының ережелеріне сәйкес өткізіледі. Жазғы немесе қысқы Сурдолимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарына, аймақтық чемпионаттарға және федерация мақұлдаған басқа да жарыстарға тек есту мүмкіндігі шектеулі және нашар еститін спортшылар қатыса алады.

Айта кетсек, байрақты бәсекеге әлемнің 20 елінен 190-нан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасында 22 спортшы бақ сынады.

Қырғызстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: