Ол осы сында Қазақстан рекордын да орнатты. Финалда Сәтбаев 632,7 ұпай жинап, аталған бағдарлама бойынша еліміздің ең үздік нәтижесін тіркеді. Қазіргі таңда ол өзінің тұңғыш Олимпиадасына қатысуға дайындалып жатыр.
"Шамасы, мен не болғанын соңына дейін түсінбеген сияқтымын. Мүмкін, біраз уақыт өткен соң сезініп, бақытым еселенетін шығар. Иә, бұл турнирден медаль ала алмадым. Алайда барлық қателікті түзеп, өзге жарыстарда тұғырға көтерілуге тырысамын", - деді Ислам.
Исламның спорттағы жолы мектеп қабырғасында басталған. Болашақ олимпиадашы жетінші сыныптан бастап спортқа ден қойған. Спортшының айтуынша, "Отан" деп аталатын тирға досы ертіп келіпті. Тап сол сәт оның өміріндегі маңызды эпизод болса керек. Исламның мергендік өнерге қызығушылығы күн сайын артып, нәтижесінде ол әлемдік деңгейдегі спортшыға айналды. Бір қызығы, нысана көздеуге бет бұрмас бұрын Ислам Сәтбаев үш жыл бойы каратэмен шұғылданған.
Алғашқы бес жылда ол ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валентина Дериглазованың қол астында жаттықты. Кейін еліміздің тағы бір мықты маманы Геннадий Насонов Исламның "спорттағы әкесіне" айналды. Бүгінде спортшы аталған бапкермен тығыз жұмыс істеп жатыр.
Ислам Олимпиадаға іріктеу турнирі саналатын әлем чемпионатында ғана көзге түскен жоқ. Оның еншісінде әлем кубогі кезеңдерінің екі күміс, екі қола медалі бар. Сондай-ақ, ол Александра Лемен жұптасып, Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдесіне қол жеткізді.
"Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Өте қуаныштымын. Бүгінде жазғы ойындарға жақсы дайындықпен бару үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. 2012 жылы нысана көздеуге бет бұрдым. Бұл спортқа сыныптасым алып келді. Алда Олимпиада ойындары күтіп тұр. Елімізді осындай ірі жарыста танытатыныма қуаныштымын", - дейді Ислам.
Айта кетейік, жазғы Олимпиада ойындарында нысана көздейтін мергендер бәсекесі 24 шілдеде басталады.