Жалпы ересектер арасындағы сайыста 22 елден келген 230-дан астам таеквондошы сынға түсіп, 16 салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салды. Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы ересектер арасындағы бәсекеде 38 медаль еншіледі. Оның ішінде 10-ы алтын медаль. Осылайша командалық есепте көш бастады. Екінші орында Тунис құрамасы болса, Түркия үшінші орынға тұрақтады.
2024 жылғы Олимпиада қатысушысы Батырхан Төлеуғали 80 келі салмақта чемпион атанды. Спортшының айтуынша жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр.
"Өзім таеквондодан осындай халықаралық жарыстың Қазақстанда өтіп жатқанын алғаш мәрте көруім. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын атмосфера. Сонымен қатар әлем чемпионатының алдында керемет дайындық болды. Бұған дейін бізді екі маңызды жарыс күтіп тұрды. Таеквондоға аса көп көңіл бөлінген жоқ, себебі бабымызда едік. Сондықтан көбінесе физикалық дайындыққа назар аудардық. Қазір аздаған жарақаттар бар, бірақ алдағы уақытта Ахмет аға екеуміз қалыпқа келу жұмыстарын жүргіземіз. Ең басты мақсатымыз – Олимпиада. Алайда дәл қазір алда тұрған әлем чемпионатына толық дайындық үстіндеміз”, - деді спортшы.
Батырхан ақтық сында тағы бір отандасымыз Абдурахмон Мариповпен кездесіп, 2-0 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Мария Севостьянова финалға дейін жетті. Бірақ ақтық сында Тунис спортшысы Чайма Тумиға есе жіберген еді. Отандасымыз жарыстан кейін қарсыластары жайлы айтты.
"Қарсыластарымның барлығы мықты. Тунис құрамасының екі спортшысымен кездестім. Одан бөлек тағы Беларусьтен келген қыздар болды. Жалпы ешқайсысы осал емес. Енді алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Сондай-ақ 21 жасқа дейінгі әлем чемпионатына да қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Келесі аптада Алматыға барып, оқу-жаттығу жиынын бастаймыз”, - деп бөлісті таеквондошы.
Сонымен қатар ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов спортшылардың өнеріне баға беріп, келесі турнир жайлы айтып берді.
"Ұлттық құрама өте жоғары нәтиже көрсетті. Жалпы, 16 салмақ дәрежесінің 10-ында біздің спортшылар жеңіс тұғырының биігінен көрінді. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алдық. Ересектер арасында бақ сынаған таеквондошылардың саны көп болмаса да, арасында өте мықты қарсыластар болды. Қуантарлық жағдай, біздің жігіттер әлем чемпионатында жүлдегер атанған, Еуропа чемпионатында топ жарған спортшыларды да жеңіп шықты.