Грекиядан алдыңғы күні жеткізілген Олимпиада алауын Италия президенті Серджо Маттарелла ресми түрде тұтатты. Шараға Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің басшысы Джованни Малаго және Италияның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің жетекшілері қатысты.
Құттықтау сөзінде Кирсти Ковентри Олимпиада алауының ұрпақтар сабақтастығын байланыстыратын және олимпиадалық қозғалыстың бастапқы мәні - шабыттандыруды, біріктіруді және әр спортшының ешқандай кемсітусіз жарысқа қатысу құқығын қорғауды еске салатын символдық күші бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол Италияда өтетін ойындар өзінің президент ретіндегі алғашқы қысқы Олимпиадасы болатынын айтып, бұл ойындар спортшылар үшін де, бүкіл әлем үшін де жарқын оқиғаға айналатынына сенім білдірді.
Ал Италия президенті Серджо Маттарелла Олимпиада алауының бейбітшілік, бірлік және өзара құрмет белгісі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Олимпиада мен Паралимпиада ойындары адамзатпен бәріне ортақ, түсінікті тілде сөйлесе алатын ерекше күшке ие екенін жеткізді. Сондай-ақ бұл ойындар теңдік, құрмет және алға ұмтылу сияқты құндылықтарды еске салатынын айтты.
Маттарелла ойындарға дейінгі жолдың жауласу мен өшпенділіктен бас тарту кезеңіне айналуына үміт артты. Ол Милан мен Кортинада ойындарды бірлесіп өткізу Италияның ашықтығы мен ұлттық бірлігінің айқын көрінісі екенін айтты.
Сөз соңында Джованни Малаго президентке алауды тапсырды. Ал Италия Президенті алаңда орнатылған Олимпиадалық шамды жақты.
Айта кетейік, алау Римге жеткізілгеннен кейін эстафетаның алғашқы метрлерін Джованни Малаго мен теннисші Жасмин Паолини жүріп өтті.
Италия аумағындағы Олимпиада алауының ресми эстафетасы 6 желтоқсанда басталады. Маршрут елдің маңызды мәдени және тарихи аймақтарын, соның ішінде көптеген ЮНЕСКО нысанын қамтиды.
Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында өтеді.