Бұл жаңа спортшылардың көзге түсуіне жол ашады. Дегенмен кейбір бағдарламада тәжірибелі жұлдыздар мен әлемдік деңгейге енді көтеріліп келе жатқан спортшылар арасындағы бәсеке әлі де тартысты өтіп жатыр. Мұндай өзгерістер Қазақстан құрамасының сапына да әсер етті.
Бұл әлем біріншілігіне Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың қатыспайтыны қазақ жанкүйерлері үшін маңызды жаңалық болып отыр. Миландағы додада жеңіске жеткеннен кейін ұлттық құраманың көшбасшысы әлем чемпионатына тіркелмеді. Бұл ерлер арасында өтетін жекелей сындағы бәсекеге әсер етіп, турнир басты үміткерлердің бірінсіз өтетін болды.
Кейінгі жылдары Шайдоров көптеген турнирге қатысты. Әйгілі спортшы Олимпиададан кейін демалып, күш жинап, жарақатсыз әрі жаңа идеялармен мұз айдынына қайта оралу үшін қалыпқа келу кезеңінен өтуді жөн көрді.
Дегенмен Шайдоровсыз да ерлер арасындағы бәсеке тартысқа толы болмақ. Әлемнің қазіргі чемпионы, АҚШ өкілі Илья Малинин (2024 жылғы әлем чемпионатының да жеңімпазы) жарысқа басты фавориттердің бірі ретінде қатысып, қатарынан үшінші жүлдесін жеңіп алуға тырысады.
Қазақстан атынан әлем чемпионатында Диас Жиренбаев пен Софья Самоделкина өнер көрсетеді. Самоделкина бұл маусымды сәтті өткізіп, бағдарламасын тұрақты түрде орындап жүр. Алғашқы Олимпиадасында ол оныншы орын алған. Сондай-ақ Гран-при кезеңінде күміс медаль алып, бірнеше жеке рекордын жаңартқан.
Былтыр әлем чемпионатында Софья 14-орын алған еді. Қазір өз нәтижесін жақсартуға толық мүмкіндігі бар. Бағдарламасын мінсіз орындап, қарсыластары қателік жіберсе, үздік бестікке де енуі ықтимал. Биылғы маусымда көшбасшылар қатысқан жарыстарда күтпеген нәтижелер жиі тіркелді.
Жиренбаев халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап жатыр. Маусым барысында ол Challenger сериясындағы турнирлерге қатысып, 2026 жылғы Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндігі болған. Ол үшін Бейжіңде (Қытай) өткен іріктеу турнирінде үздік бестікке енуі керек еді. Алайда Диас жарысты 14-орынмен аяқтады.
Айта кетейік, маусымның қорытынды жарысы саналатын 2026 жылғы әлем чемпионаты 25 наурызда басталады. Сол күні мұз айдынына алғаш болып Софья Самоделкина шығады. Қысқа бағдарлама 15:30-да басталады. Ерлер жарысы 26 наурызда 15:30-да өтеді.