61 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен каратэші Әсел Қанай Азиаданың күміс медалін жеңіп алды. Қазақстан құрамасына тағы бір жүлдені Санжар Әділов салды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті 2026 жылғы 21 қыркүйекте хабарлады.
ММА өкілі 65 келіге дейінгі (traditional) салмақта бақ сынады. Жартылай финалда қазақстандық спортшы Тәжікстан өкілі Отабек Раджабовтан жеңіліп, жарысты қола медальмен аяқтады.
Қазақстан құрамасының ММА-дан медаль қоржыны 22 қыркүйекте де толығуы мүмкін. Азиада-2026 ойындарының финалына еліміздің екі спортшысы – Қадырбек Шынбаев пен Еркінғали Бүркіталин жолдама алды.
Спорттық гимнастикадан ерлер арасында Милад Карими бірден екі жеке финалға шықты. Ол еркін жаттығу және кермедегі жаттығу бойынша финалда өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасы 237,829 ұпай жинап, төртінші орынға ие болды және 23 қыркүйекте өтетін командалық финалға жолдама алды.
Жүзуден Қазақстан құрамасы үш финалда өнер көрсетті. Ксения Игнатова 50 метрге арқамен жүзу және 200 метрге кешенді жүзу жарыстарында сегізінші орын алды. Сонымен қатар 200 метрге кешенді жүзудің іріктеу кезеңінде ол 2:14.94 нәтижесімен Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.
Глеб Коваленя 50 метрге еркін жүзуден финалда 22,17 секунд нәтижесімен жетінші орынға ие болды.
Үстел теннисінен Қазақстанның ерлер құрамасы топтық кезеңді сәтті аяқтап, командалық турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Әйелдер құрамасы да жеңіске жетті. Топтық кезеңдегі екінші матчта қазақстандық спортшылар Мальдив аралдарының командасын жеңіп, С тобында екінші орынға көтерілді. Олар да Азиададағы жарысын жалғастырады.
3х3 баскетболдан Қазақстанның ерлер құрамасы екі матч өткізді. Алдымен Шри-Ланка құрамасын жеңсе, кейін Моңғолия командасына жол берді. Қазақстандықтар келесі кездесуін 23 қыркүйекте Филиппин құрамасына қарсы өткізеді.
Аян Бейсенбаева, Аида Ким, Диана Ержанова және Егор Крупяковтан құралған Қазақстанның аралас триатлон құрамасы эстафетада жетінші орын алды. Жарыста Қытай құрамасы жеңіске жетті.
Оқ атудан Қазақстанның ерлер құрамасы 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату бойынша командалық жарыста жетінші орынға ие болды.
Ушу-саньдадан қазақстандық спортшылардың бірқатары жарысты аяқтады. Алина Шосова мен Карим Иминжанов алғашқы жекпе-жектерінде 0:2 есебімен жеңілсе, Бексұлтан Қоскенов 1/8 финалда Индонезия өкілі Самуэль Марбуннан ұтылды.
Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында сегіз медаль бар: төрт алтын, бір күміс және үш қола.
Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде төртінші орында тұр. Бірінші орында 23 алтын медалі бар Қытай құрамасы орналасқан. Екінші орында – сегіз алтын медалі бар Жапония, ал үздік үштікті бес алтын медаль иеленген Оңтүстік Корея құрамасы түйіндейді.
Еске салайық, Азиада ойындары 2026 жылғы 4 қазанға дейін жалғасады.