Шағын несие беруді кеңейту бойынша қабылданған шаралармен қатар әлеуметтік қызметтердің және жұмыспен қамтудың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған еңбек және әлеуметтік салаларды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы zakon.kz primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында үш ірі жоба іске қосылуда.
Біріншісі — Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту. Бүгінгі күні жүйе еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау, арнайы әлеуметтік қызметтер және көші-қон секілді ведомство қызметінің барлық бағыттары бойынша 11 ақпараттық шағын жүйелерді қамтиды.
Бұл жүйе туғаннан бастап өмір бойы 15 млн-нан астам қазақстандықтың дербес есебін жүргізеді және өмірдің барлық кезеңдерінде автоматтандырылған қызметтерді көрсетеді. Министрліктің 34 қызметінің 17-сі автоматтандырылды, бала тууға байланысты 2 қызмет проактивті көрсетіледі, 3 қызмет ішінара автоматтандырылған, 7 қызметті тағайындау бойынша ақпаратты электрондық түрде алуға болады.
Жаңғырту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі: зейнетақымен қамсыздандыру; мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қызмет сапасын арттыру; «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау; жұмысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қолжетімділігін арттыру.
Екінші жоба — Электронды еңбек биржасы. Азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электрондық форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасқан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша қазіргі кезде Биржаға жұмысқа орналастыру бойынша 45 жеке агенттік пен 5 интернет-алаң қосылған. Ай сайын Электронды биржаға шамамен 141 мың адам кіреді, жыл басынан бері кіру саны айына 2,7 есеге өсті және 3 млн-нан асты.
Сонымен қатар, Биржаның функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жалғастырылуда. Біріншіден, кәсіптік бағдарлау сервисі ашылып, онда жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар беріледі. Екіншіден, Электронды биржа Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қысқа мерзімді оқыту алаңына айналады. Үшіншіден, Android базасында Биржаның мобильді нұсқасы әзірленді, ал алдағы уақытта оның IOS платформасындағы нұсқасы әзірленетін болады. Биылғы 1 шілдеден бастап пайдаланушыларға әрі қарай мобильді үкіметке (MGOV) қосылуға болатын мобильді нұсқасына толыққанды қосылуға мүмкіндік беріледі.
Үшінші үлкен жоба — электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу. Жұмыскерлер үшін бұл, бірінші кезекте, жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуді білдіреді: құжаттарды жинау қажет емес, жұмыс іздеушінің жеке ісі автоматты түрде қалыптастырылатын болады.
Электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға 2019 жылы берілетін болады.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуге, яғни мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру есебінен азаматтар мен мемлекеттің шығындарын 600 млн теңгеге дейін қысқартуға, электрондық кадрлық іс қағаздарын жүргізуді енгізу есебінен бизнестің жыл сайынғы шығындарын 1 млрд теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.