Google мен Facebook Ресейге салық төлеуі мүмкін

Ресейлік операторлар "интернетте ақпарат тарататын, шетел өкілі қадағалайтын ұйымдастырушы" деген түсінік енгізуді ұсынып отыр.

"Ростелеком" және "Мегафон" ұялы байланыс операторлары "Яровая заңы" бойынша шетелдік интернет компанияларын Ресейде контентін сақтағаны үшін салық төлеуге міндеттеуді ұсынып отыр. Бұл жайында Reuters агенттігіне ресейлік екі байланыс операторының топ-менеджерлері мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

"Вымпелком", МТС, "Мегафон" және Tele2 операторлары кіретін LTE одағы "Дождь" телеарнасына компаниялардың жоғарыда аталған ережеге қатысты заң жобасын талқылап жатқанын растады.

Егер ұсынылған құжат қабылданса, онда Google және Facebook компаниялары да Ресейде контентін сақтағаны үшін салық төлейтіндер тізіміне енеді. Ресейлік операторлар "интернетте ақпарат тарататын, шетел өкілі қадағалайтын ұйымдастырушы" деген түсінік енгізуді ұсынып отыр. Бұл категорияға кіретін компаниялар операторлар өздерінің мәліметтерін сақтағаны үшін өтемақы төлеуге міндеттелмек. Егер шетелдік интернет компаниялары бұл талапты орындаудан бас тартса, операторлар олардың сервисіне кіру жылдамдығын азайтады.

Биыл 1 шілдеде күшіне енген "Яровая заңы" бойынша, ұялы байланыс операторлары мен онлайн-сервистері қолданушылардың телефондағы әңгімелері мен жазысқан хаттарын алты ай бойы сақтауға міндеттелді. Бұдан өзге, олар ақпаратты Ресей арнайы қызметі сұратқан жағдайда беруі тиіс.

Бұл шаралардың аясында Роскомнадзор ақпарат тарататын компаниялар тізімін түзген. Google мен Facebook ақпарат таратушы саналғанымен, аталған тізімге енбеген.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: