Жаңа функция скриншот жасау мүмкіндігін шектейтін, уақытша мәтіндік хабарламалар жіберуге арналған.
Айта кетейік, қазірдің өзінде пайдаланушылар алушы ашқаннан кейін автоматты түрде жоғалатын фотосуреттерді, бейнелерді және дауыстық хабарламаларды жібере алады. Енді бұл мүмкіндік мәтіндік хабарламаларға да енгізіледі.
Бір рет қана көруге болатын мәтіндік хабарлама жіберу үшін пайдаланушы чаттағы мәтін енгізу жолағына хабарламаны жазып, "Жіберу" батырмасын басып тұруы керек. Сонда қосымша мәзір ашылады. Онда хабарламаны кейінге жоспарлау немесе "Бір рет көру" функциясын таңдау мүмкіндігі бар. Соңғысын таңдағаннан кейін WhatsApp хабарламаны автоматты түрде жібереді.
Сурет: wabetainfo
Бұл ретте алушы чатты ашқан бойда хабарлама бірден көрінбейді. Оны оқу үшін хабарламаның өзін басып, бөлек терезеде ашу қажет. Терезе жабылғаннан кейін хабарламаны қайта ашу мүмкін болмайды.
Егер жіберуші оқылғаны туралы хабарламаларды қосып қойса, алушының хабарламаны қашан ашқанын көре алады. Алайда хабарламаның өзі екі тараптың да чатында қайта көрсетілмейді.
Бір рет көру функциясын түрлі жағдайда пайдалануға болады. Мысалы, құпиясөзді немесе бір реттік кодты чатта сақтап қалмай жіберуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алушы хабарламаны оқығаннан кейін ол чат тарихынан өшетіндіктен, жеке ақпараттың құпиялылығын сақтауға көмектеседі.
Бұған дейін WhatsApp мессенджерінде мәтіндік хабарламалардан телефон нөмірлерін, күндерді, мекенжайлар мен электрондық пошта мекенжайларын автоматты түрде анықтайтын функция пайда болатыны хабарланған еді.