Жаз аяқталуға жақын, бірақ әлі демалып үлгермедіңіз бе? Табиғат әсемдігін көру үшін міндетті түрде ұзақ еңбек демалысын алудың қажеті жоқ. Кейде жақсы жоспарланған екі күндік сапардың өзі жеткілікті.
Бурабай
Фото: wikimedia/Дмитрий Доценко
Егер демалыс күндерін қарағайлы орман, мөлдір көл мен гранитті жартастардың арасында өткізгіңіз келсе, Бурабай – ең жақсы бағыттардың бірі. Курорт "Бурабай" ұлттық паркінің аумағында орналасқан және еліміздегі ең көркем жерлердің бірі ретінде бұрыннан танымал. Мұнда Бурабай, Щучье немесе Үлкен Шабақты көлдерінің жағасында серуендеуге, қайықпен серуендеуге, көл жағасында пикник ұйымдастыруға болады. Қарағайлы орман, көлдер мен аласа таулардың үйлесуі бұл өңірде ерекше микроклимат қалыптастырған. Сондықтан жаздың соңында да мұнда таза ауаның лебі сезіліп тұрады.
Үлкен Алматы көлі
Фото: Zakon.kz
Алматыдан ондаған шақырым жерде Қазақстандағы ең танымал биік таулы көлдердің бірі – Үлкен Алматы көлі орналасқан. Көл теңіз деңгейінен шамамен 2500 метр биіктікте жатыр. Сондықтан жаздың аптап ыстығының өзінде мұнда салқын ауа райы сақталады. Көлдің суы өзінің қанық көгілдір түсімен ерекше көз тартады. Бір қызығы, мұнда судың түсі ауа райына және күн сәулесіне байланысты өзгеріп тұрады. Кейде ашық көгілдір болса, кейде қою жасыл реңкке енеді.
Айтпақшы, бұл аймақ тек қазақстандықтар арасында ғана емес, шетелдік туристер арасында да өте танымал.
"Шетелдік туристер ең көп таңдайтын бағыт – Алматы. Осы жерден Қазақстанның ең танымал табиғи көрікті жерлеріне – Шарын шатқалына, Көлсай және Қайыңды көлдеріне, сондай-ақ Шымбұлақ пен Медеу тау курорттарына жету өте ыңғайлы". Туристік компанияның сервис менеджері Карина Янн.
Сурет: Zakon.kz
Оның айтуынша, шетелдік қонақтар Түркістанға да ерекше қызығушылық танытады. Кейбір туристер сирек бағыттарды да сұрайды, бірақ мұндай өтініштер әзірге көп емес. Соған қарамастан, Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді.
"Көп жағдайда қонақтар дайын туристік пакеттерді таңдайды. Олардың құрамына шетелде кеңінен танылған көрікті жерлер енгізілген. Сондай-ақ атпен серуендеу, көкпар, қыз қуу, жігіттер сайысы сияқты қазақтың ұлттық дәстүрлері мен ойындары шетелдіктерге ерекше әсер қалдырады", – дейді Карина Ян.
Ассы жайлауы
Сурет: wikimedia/Мирсаитов Ислам
Ассы жайлауына келгенде көкжиектің шексіз екені анық сезіледі. Бұл биік таулы жазық теңіз деңгейінен 2000 метрден астам биіктікте орналасқан. Ассы өзінің кең жайлауларымен, өзенімен және Іле Алатауының әсем көрінісімен танымал. Жазда мұнда үйір-үйір жылқыларды, малшылардың киіз үйлерін көруге болады.
Сонымен қатар, бұл жерде Ассы–Түрген астрофизикалық обсерваториясы орналасқан. Егер қаланың қарбаласынан алыстап, соңғы жазғы демалыс күндерін табиғат аясында өткізіп, тауда таң шапағын қарсы алғыңыз келсе, Ассы жайлауы тамаша таңдау болмақ.
Шарын шатқалы
Фото: pexels
Мұнда миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан ерекше ландшафттар, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемі сақталған.
Табиғаттың өзі сомдаған алып қамалдарға ұқсас қызыл жартастардан құралған бұл шатқалдың тарихы миллиондаған жылдарға созылады. Биіктігі 370 метрге дейін жететін шатқал Қазақстанның ғана емес, әлемдік деңгейдегі табиғи мұралардың бірі болып саналады.
Қорыта айтсақ, бұл бағыттардың әрқайсысы Қазақстанды әр қырынан танытады. Бірі – асқақ тауларымен, бірі – мөлдір көлдерімен, енді бірі – шексіз даласы мен ерекше шатқалдарымен ерекшеленеді.