Нұрғали Нүсіпжанов 5 қаңтарда 85 жасқа толды. Мерейтойға орай Malim.kz порталы халық артисімен сұхбаттасып, әңгімесін жазып алды. Әнші бала кезде қолөнерге құмартып, суретші болғысы келгені туралы әңгімелеп берді.
4-5-класс оқып жүргенде қолөнерге құмарттым. Тіпті ағаш ойып, домбыра жасағаным бар. Осы қабілетімді байқап суретші болуды ойладым. Жерлестерім өнерімді бағалап, "ауыл суретшісі" атандырып, марқайтып қоятын. Кейін бұл ойым сәулетші болсам деген арманға ұласты. Себебі, әкемнің қоңырайған құжырасын үлкен үйге алмастырсам деген жоспар болды. Тілек-ниетім студент болып жүрген шағымда орындалды. Нұрғали Нүсіпжанов
Алматыға оқуға келгенде ол мыңжылдық тарихы бар шаһардың архитектурасына ерекше қызыққан екен.
Сабақтан тыс уақытымда қаланы емін-еркін аралап, аса сәулетті жерлерді көңілге көшіретінмін. "Болмасаң да ұқсап бақ" дегендей білген, түйгеніммен ауылдағы үйімізді қаланың сәулетті жерлеріне ұқсатыңқырап жасап шықтым. Қазір сол үйіміз алпыс жылдан асса да мұрты бұзылмастан сақталып тұр. Қарашаңырақтың айналасына ағаш егіп, жасыл желекпен көмкеріп қоятынмын. Оқушы кезде тал егуді жақсы көретін едім. Жас күнімде еккен балауса талдар бүгінде көкке ұмсынған ағаштарға айналған. Былтыр туған жерге табан тіреп, сол ағаштарымның өзімше юбилейін жасап қайттым. Алтын ұя, қастерлі мекенге жыл құсындай оралып, соғып тұру - қалыптасқан дағдым.Қазақстанның халық артисі
Өнерден хабары бар мұғалімдері Нұрғали Нүсіпжановты 1956 жылы Алматыға жіберген.
Кішкентайымнан көкірегімді ән буып жүретінін аздап сезетін едім. Сол уақытта әр ауылда қазақ радиосы сайрап тұратын. Радиодан берілетін халық әндерін жаттап алып, өзімше ыңылдап айтамын. Одан қызығулық оянып, халық әндері жазылған пластинка сатып алып, әнге дағдылана бастадым. 3-4-кластан бастап мектепте ән сабағы жүргізілетін. Ұстазымызбен қосыла неше түрлі әнді әуелететін едік. Ауылымызда ата-аналарға, үлкендерге арнап концерттерді жиі өткізетінбіз. Мұғалім "кім көп халық әнін біледі?" деп сұрағанда, құлағыма сіңіп қалған бағзы әндерді шырқай жөнелуші едім. Домбыраны да тартуды өздігімнен үйреніп алғанмын. Ол уақыттары Мәскеуде көркемөнерпаздар байқауы дүркін-дүркін өтетін. Үлкен орта, даңғайыр жердегі жарысқа қатыспақ болып, ауылдық, ауданаралық конкурстарда бақ сынап, топ жардым. Өнерден хабары бар мұғалімдер талантымды бағалап, үкілеп Алматыға жіберді. Қазылар дарынымды байқап, ару-қаладағы айтулы қорытынды кешке қатыстырды. Мерейім тасып, мәртебем артқан күн сол шығар деп ойлаймын. Өнерді түсінетін жандардың назарын аударттым ба екен, содан консерваторияда оқуға мүмкіндік алдым. Менің өмірімдегі – қайталанбас ғажайып сәт осы еді. Бұл шамамен 1956 жыл. Нұрғали Нүсіпжанов
Жас өнерпаз 19 жасында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Оқып жүріп, Нұрғиса Тілендиевпен танысады.
1961 жыл болуы керек, ол уақытта консерваторияда екінші курс оқимын. Қаланың Бөгенбай мен Сейфуллин көшелері қиылысында Құрманғазы оркестрі отыратын. Өнер ұжымының хор-капелласындағы танысым жаңа әннің нотасын алып кетуге шақырды. Ғимарат ішін аралап жүргенде есігі ашық тұрған кластан күйсандықты көзім шалды. Қолымдағы ән нотасын музыкалық аспапта ойнап байқап көрмек болдым. Күйсандыққа тиген саусақтарым жорғалай жөнелді. Байқамаппын, бір уақытта ту сыртымнан "Молодец, сен қай әншісің?" деген дауыс естілді. Жалт қарасам, Нұрғиса аға тұр. Ағаны композиторлар сьезінен, өзге де басқосулардан көріп жүретін едік. Атағы аспандап тұрған шақ. Бірақ оны бұлайша жақыннан көремін деп ойламағанмын. Ұшып тұрып, сәлем беріп едім, "отыр-отыр" деді жайлы көзқараспен. Сөйтсем, мен шұқшиып отырған туынды Нұрғиса ағанікі екен. Өз әнін басқа адамның ойнап отырғаны қызық болып осында бас сұғыпты. Осылайша, бізді Нұрғиса ағаның әні жақын жүздестіріп, таныстырды. Әннен басталған таныстық мәуелі ағаш сынды жапырағын жайды.Қазақстанның халыұ артисі
"Екі-үш ай жүздеспей қалсақ, жылап көрісетінбіз"
Халық артисі әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің әндерімен бағым ашылды деп есептейді. "Екі-үш ай жүздеспей қалсақ, жылап көрісетінбіз. Ағамды сағынған кезде әдейілеп іздеп баратынмын" дейді ол.
Екуміз сол табысудан соң арамыз ажырамастан 50 жылдан астам уақыт аға-іні болып араластық. Отыз-қырық әні дүниеге келді. Нұрағаңның әндерімен өнерде бағым ашылды, елге танылдым, атым асқақтады. Бойындағы асыл қасиет – мінезділігі, қамқорлығы арқылы менің де өзіме деген сенімімді оятты. Мені үнемі «жалғызым» деп еркелететін. Өз атыммен атамай, «Нұрғаш» деп мейірленетін еді, жарықтық. Тіпті “сен” деп сөйлегенін естімегенмін. Екі-үш ай жүздеспей қалсақ, жылап көрісетінбіз. Ағамды сағынған кезде әдейілеп іздеп баратынмын. Нұрағаңмен бірге жүргенде ойымызды іштей оқып алатындай жағдайға жеттік. Оның ішкі түйсігі мен менің дауысым бір арнада тоғысатын-ды. Кейіндеу жазған туындыларының бәрін менің дауыс ырғағыма ыңғайлап жазды. Содан да шығар, сәтті тандем болдық.Нұрғиса Тілендиев
Нұрғиса Тілендиев замандастарымен бірге жаңадан жазылған әндерді мұқият сүзгіден өткізетін кездерді еске алды. Қазіргі әндер ақшаға сатылатынына таңданатынын жасырмады.
Қазір ән ақшаға сатылады дегенге таң қаламын. Ол тұста ақша сөз болмайтын. Әннің иірімі, қайырмасы келе ме деген ғана әңгіме болатын. Көркемдік кеңессіз бір де бір өнер туындысы халық назарына ұсынылмайтын. Мен өзім қазақ радиосының, қазақ телевизиясының музыкалық редакциясын он жылға жуық басқардым. Жаныма үздік деген, әрбір жанрды терең білетін адамдарды жинадым. Ақын, жазушылар мен комозиторлардан құралған көркемдік кеңес болды. Жаңадан жазылған әндерді мұқият сүзгіден өткіземіз. Бұл ретте кейде ренжісеміз, кейде татуласамыз. Яғни бәрі де өнер үшін деген ұстанымда болдық.Нұрғиса Тілендиев
Әнші бала кезде қой бағып, ата-анасына қолғабыс болған сәттерін еске алды. Бала күнінде шыбын-шіркеймен ойнап, құстардың ұшқанын бақылауды жақсы көрген екен.
Әке-шешемнің малдан өзге ермегі жоқ еді, дүние жиған жандар емес, әбеқоңыр тіршілік кешіп, қараша үйде тұрды. Сүйеніштерім қарт кісілер болғандықтан барынша көмектесіп жүрдім. Оңашалықты жаным сүйетін. Өзіммен құралпы балалар болғанымен, менімен ойнайтындай бала болған жоқ. Өзім кішкентайымнан тынымсыз бала болыппын. Шыбын-шіркеймен ойнап, құстардың ұшқанын байқасам, міндетті түрде ұясын көруге талпынатынмын. Үкілердің де қай жерді мекендейтінін білгім келіп, атырапты кезіп кететін кездер аз болмапты. Ауыл табиғаты есімді алып, кереметтерімен баурайтын. Көктем шыға бөктерден рауғаш теруші едік. Қышқылтым дәмінің өзі қайталанбас бөлек-тін. Мені әсіресе, тұмса табиғаттағы жабайы аралардың тіршілігі ерекше әсерлендіретін. Соңдарынан қалмай, қайда ұшып, қайда қонатынын сырттай назарға алып жүрдім. Қорек іздеп бара жатқаны мен балын алып, кері қайтқан араны ажырата алатынмын. Сөйтіп жүріп ара ұясын зерттеп, бақылай бастадым. Оған үңіле жүріп көзім ашылды. Іші сондай әдемі, көзің зорға жетеді, оны жұқа ұлпамен тұмшалап, қажетті қоректерін ішіне әдемілеп тәртіппен жинайды екен. Ұяның тазалығы таңдай қақтырады, ішінде бір ғана аналық ара жүреді екен. Сыртында тіпті өліп жатқан аралар бар. Жұмыс істемегеннен бе екен, кейбіреулерін жазалап, өздері өлтіріп тастайтын көрінеді. Балының тәттілігі сонша, денемді шағып жатса да оларға қарауға шамамыз жоқ болатын. Сол ара балындай тәтті шақтарды ойға алсаң қиялмен ауылға самғап барғандай күй кешемін. Осылайша табиғаттанумен де әжептәуір айналысқан кездерім болыпты.Нұрғиса Тілендиев
"Адамдардың бет-бейнесі сапарда жүргенде ашылады"
Сонымен бірге әнші партия басқарған заман туралы сөз қозғады. Жылына кемі екі рет өнер сапарына шығып, Ресейде концерт беретін кездерін әңгімеледі.
Комсомол, коммунист болдық. Шалқып өмір сүрсек те Ресейдің боданы едік. Мәскеу не айтса, күнбағыс құсап мойынымыз солай қарай бұрылатын, заң солай еді. Шетелге шығатын бригадалармен жиі араласып жүрдім. Кейде жылына екі рет өнер сапарына шығатынбыз. Ресей қазақстандықтарға бауырмал екенін тек қағаз жүзінде көрсететін. Қазақтарды қолдап-қолпаштаса, айтқанымызға көндіреміз дейтін. Сондықтан бізді шетелге жиі шығарып, әлемге солай көрсететін еді. Делегацияда жиырма адам болса, соның үш-төртеуі міндетті түрде қазақ болатын. Бұл – олардың ұлттар достастығын сақтап отырғанын көрсетудің амалы болатын. Бірақ көкейлерінде қандай ой жатқанын іштей түсініп жүрдік. Адамдардың бет-бейнесі сапарда жүргенде ашылады. Коммунизмге сенгенім рас. Бірақ тәуелсіздіктің 30 жылында елді тонаушылар жүз жетпіс миллиард долларды қолды қылады дегенге сенгем жоқ. Халық артисі
Нұрғиса Тілендиев Дінмұхамед Қонаев туралы естеліктерін айтып, өнерлі жастарға қолдау білдіргенін әңгімеледі.
Димаш Ахметұлы бізді қатты еркелетті. Әсіресе Нұрғиса ағаны ерекше сыйлайтын. Жаны жайсаң тұлға бізге ғана емес, өнерлі жастардың барлығына да жүрегінің жылуын төгетін. Шетелге ән сапарымен шығар болсақ, міндетті түрде кездесіп, қолдау танытып, тілектестігін білдіретін. Өнерді қастер тұтты. Бір қасиеті көңіліне кір жасырмай, көкейінде тұрған ойын іркілмей ақтарып салатын еді. Бірде Димаш ағамнан «сөгіс» естігенім бар, өзім солай ойлаймын. Бір жолы Қытай мен Моңғолия қазақтары Қонаев зейнетке шығып жатқанда арнайы сәлем береміз деп келген еді. Мен әлемнің төрт тарабында да гастрольмен жүрген адаммын. Содан болар, сырттағы қазақтармен жылы қарым-қатынас орнаттық. Көбісі менің телефонымды білетін. Сонымен делегацияны Қонаевтың қабылдауынан алып барғанмын. Арасында Димаш Ахметұлы “Нұрғали, асықпасаң, бір сағат отырсаңшы, әңгімелесейік” деді. Қонақтарды шығарып салған соң оңаша жүздестік. Әңгімелесіп отырған едік, бір кезде “Нұрғали, сені түсінбедім, қандай адамсың!” деді. Мұндай сөзді күтпеген менің есім шығып кетті.Халық артисі
Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Ұзақ жылдар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі болды. "Отырар сазы" оркестрінде өнер көрсетті. "Парасат", "Құрмет", "Барыс" ордендерінің иегері.