2023 жылы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің территориясында кешенді оқу-жаттығулар өткізіледі
Келіссөздерге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанның мүдделі министрліктері мен ведомстволарының, сондай-ақ ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының өкілдері қатысты.
2023 жылы ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің кешенді оқу-жаттығулары бірлескен жедел-стратегиялық "Жауынгерлік бауырластық" сипатында өткізілмек. ҰҚШҰ жауапты өңірдегі әртүрлі аймақта ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің барлық элементі жұмылдырылатындығы да нақтыланады.
"Жауынгерлік бауырластық-2023" кешенді жоспары аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларда ҰҚШҰ Дағдарыстық әрекет ету орталығы мен Ұйымға мүше елдердегі ұлттық органдар басқару пунктілері техникалық құралдарының мүмкіндіктері пайдаланылады.
Беларусь территориясында аталған ұйым әскерлерінің (Ұжымдық күштердің) түрлі компоненттерінің дайындығын біріктіретін бірлескен және арнаулы оқу-жаттығулар жоспарланған. Сонымен қатар, Беларусьте алғаш рет радиациялық, химиялық және билогиялық қорғанысты бірлесе қалыптастыру мен медициналық қамтамасыздандыруға бағытталған "Барьер-2023" арнаулы оқу-жаттығуы өтеді.
ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің арнаулы бағыттағы күштерді қалыптастыру құрамына енгізілген ТЖМ құрылымдарымен "Скала-2023" оқу-жаттығуын өткізу де жоспарда.
"Жауынгерлік бауырластық-2023" бірлескен жедел-стратегиялық оқу-жаттығуларының соңғы кезеңінде ұжымдық қауіпсіздіктің ортаазиялық өңірінде ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Берік бауырластық-2023" оқу-жаттығуын өткізу жоспарланып отыр. Бұл іс-шара Қырғызстан территориясында өткізілмек. Оның аясында бейбітшілік пен келісімді сақтау мақсатында ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдана отырып, бітімгершілік операциясы барысында дағдарыс аймағындағы қақтығыстардан кейінгі реттеу міндеттері пысықталады.
Жедел және жауынгерлік дайындық іс-шараларын өткізу кезінде, ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын дамытудың өзекті мәселелерін зерттеу мақсатында қорғаныс ведомстволары, базалық оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдерін біріккен оқу-жаттығуларға тарту тәжірибесі жалғасады.