Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада мерекелік іс-шара өтті
Сурет: Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Отбасылық оқу жобасы аясында өткен шараға облыстық кітапхананың тұрақты оқырмандары, мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері қатысты.
Отбасымен бірге кітап оқитын оқырмандарды кітапханаға тарту, кітап оқуды насихаттауды мақсат еткен іс-шарада оқырмандар басқа қырынан танылып, ән салып, өнер көрсетті. Кітапханада қазіргі күнде 600-ге жуық отбасылық оқырман бар.
Мерекелік шарада кітапхананың байырғы оқырмандарының бірі Ермек Жұмағалиев кітаптың құндылығы туралы айтып, жас ұрпақты кітап оқуға шақырды. №44 мектеп-гимназиясының оқушылары сахналаған "Ақылды балапан" ертегісі оқырмандарға әдемі әсер қалдырды. Кітапхананың кішкентай қонағы Ерқазақ Ермектің орындауындағы "Әжемнің шайы" әні жиылғандарға жылы шуақ сыйлады.
Оқырмандар өнер көрсеткен әсерлі іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова қорытындылап, кітап оқитын оқырмандар қатары арта беретіндігіне сенім білдірді.



