БҚО-да 254 түлек — "Алтын белгіге" үміткер
Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, биыл 9 834 оқушы 9-сыныпты тәмамдайды. Соның 804-і - үздік аттестаттан үміткер. Өңірде 9-сынып бітірушілері үшін қорытынды емтихан 2-13 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып бітірушілері үшін мемлекеттік емтихандар 5-19 маусым аралығында болады.
Облыс бойынша түлектерге жалпы орта білім беру туралы аттестат өз мектептерінің қабырғасында 22 маусымда тапсырылады. Батыс Қазақстанда 379 мектеп бар, оның 64-і облыс орталығында орналасқан. Өңірде барлығы 118 мыңнан астам оқушы (61,4 мыңы Орал қаласында) білім алады.
Басқарма басшысы Айгүл Мыңбаева мәлім еткендей, ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 31 мамырда аяқталады. Сол күні барлық мектепе бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Министрлік оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты іс-шараны 1 маусымда – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізуді ұсынады. Сынып сағаттарын, салтанатты жиын, аттестат тапсыру шараларын өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында іс-шараны өткізуге аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды шақыруға, ата-аналардан мектеп әкімшілігіне, педагогтерге сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынады.
"1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың игілігі үшін» іс- шаралар жоспары жасақталып, жоспарға сәйкес форумдар, концерттік бағдарламалар, акциялар, экспедициялар, челлендждер, байқаулар т.б. әр түрлі сипаттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде облыс әкімінің қатысуымен "Ақжайық жас дарыны - 2023" облыстық форумы, "Бар жақсылық — балаға" мерекелік шарасы, "AQJAIYQ FEST" этнофестивалін өткізу жоспарлануда". Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева
Сондай-ақ техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жалғасады. Колледждерді биыл 5 мыңнан астам түлек аяқтайды. Қазіргі таңда студенттер жыл қорытындысы бойынша оқу сессиясын тапсыруда.