Орал қаласында бес мектепке автобус берілді
"Қазіргі уақытта қаладағы барлық мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауға алынып, жұмыстар жүргізілді. Бейнебақылау жүйелерін орнату, дабыл түймелерін жедел басқару орталығына байланыстыру, турникеттермен жабдықтау жұмыстары толық атқарылды. Қала мектептерінде қазіргі уақытта 60 мыңдай оқушы білім алады. Олардың 2700-і мектепке тасымал арқылы қатынайды". Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов
Сурет: Орал қалалық Білім беру басқармасы
Оның айтуынша, оқушылардың күнделікті тасымалдауын сапалы ұйымдастыру және мектептердің иелегіндегі автокөліктерді жаңарту мәселесі біраз жылдан бері айтылып келеді.
"Өткен жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мектептердің автобус паркін жаңартуға мүмкіндік жасалып, қаламыздағы бес мектепке автобус алынды. Көліктеріңіз құтты болсын, игі істеріміз жалғасын таба берсін", – деді шаһар басшысы.
Сурет: Орал қалалық Білім беру басқармасы
Автобустар Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен алынды. Жаңа автобустар қаламыздағы №12, 14, 20, 32 және 38 орта мектептерге берілді.
Сурет: Орал қалалық Білім беру басқармасы
Заманауи көліктерде балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлініп, қауіпсіздік белбеулері, сөмкелерге арналған сөрелер, бейнебақылау камерасы орнатылған. Тағы бір басым тұсы – есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен жабдықталған. Қозғалыс жылдамдығы — 60 км/сағ.
Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрағасы Қанат Иманғалиев ата-аналар мен мектеп ұжымдары атынан алғыс айтып, бұл мемлекеттің қолдауының көрінісі екенін жеткізді.