БҚО-да үздік мектеп 48 млн теңгенің сертификатын иеленді
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның баяндауы бойынша, 2023-2024 оқу жылы облыста 377 жалпы білім беретін мектептерде 121 мыңнан астам оқушы білім алады. 1 сыныпқа 13 006 оқушы қабылданды. Облыстың білім беру ұйымдарында 15 104 педагог жұмыс істейді. Облыс бойынша 10 245 педагог жаңа форматта аттестаттаудан өткен.
Қазіргі таңда 94 мұғалім жетіспейді. Оның ішінде
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қазақ мектебінде, математика, бастауыш
сынып мұғалімі және тәрбиеші орыс мектебінде, педагог-психолог, логопед,
дефектолог мамандықтары басымдыққа ие. Биыл
6 білім нысанының күрделі жөндеуіне 600 млн тенге бөлінген.
"Ақжайық ауданы Базартөбе мектебі, Бәйтерек ауданы Раздольный және Чувашка мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылының басына аяқталмайды. Жыл соңына дейін аяқтауды тапсырдық. Бұл мәселе құзырлы органдардың бақылауында аяғына тапсыратын боламыз. Казталов ауданы А.Оразбаева атындағы мектептің құрылысын 1 қарашаға дейін аяқтау жоспарлануда. Төтенше жағдайлар салдарынан бұзылған Қаратөбе ауданы Шалғын мектебінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырдық. Аталған білім мекемелерінде оқу процесі басқа әлеуметтік нысандарда (селолық клуб, интернат, ауылдық әкімдіктер) ұйымдастырылуда. Дарынды балаларға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің күрделі жөндеуі бойынша мердігер "Градстройсервис" ЖШС өз міндеттерін орындамағандықтан сотқа берілді, облыс прокуратурасына қылмыстық іс қозғау туралы хат жолданды. Орал қаласының апатты болып танылып, жойылған №31 мектептің құрылысынан жеке инвестор бас тартты, жер телімі құрылыс басқармасына берілді, мектеп құрылысын республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға енгізілуде", – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне, облыстық білім басқармасына білім беру ұйымдарының қысқы жылыту маусымына дайындығын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сурет: БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі
Отырыс соңында жыл бойы үздік сапа көрсеткен білім беру ұйымдары мен мұғалімдер марапатталды.
Қаратөбе ауданындағы Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы "Орта білім беретін үздік ұйым" байқауының жеңімпазы атанды. Мираш Өтеғалиева басқаратын жеңімпаз ұйымға диплом мен 48 млн теңгенің сертификаты берілді.
Сондай-ақ көптеген мұғалім бұл күні ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары және облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.
Сондай-ақ Bilim Media Group компаниясының ұйымдастырған республикалық "Жаңашыл мұғалім" байқауының жеңімпаздары Орал қаласындағы №37орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Арайлым Сейлиева (алғысхат және 500 000 тенге) мен Бәйтерек ауданының Новенькое орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ляйла Төлепқалиеваға (алғысхат және 250 000 теңге) сертификаттар табысталды.
Сурет: БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі
Оқи отырыңыз