Тоқаев Қазақстандағы "Шелл" концернінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық "Шелл" энергетикалық концерні еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы алғашқы шетелдік инвесторлардың бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, "Шелл" концернінің Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығы сала тарихындағы маңызды кезең саналады.
"Қиын-қыстау жылдары "Шелл" экономикамызға қомақты инвестиция құйып, жаңа технология, ғылыми жетістіктер мен басқарудың баға жетпес тәжірибесін әкелді. Біз компанияның бұл еңбегін жоғары бағалаймыз. Соңғы 30 жылда "Шелл" ел экономикасына 18 миллиард доллардан астам инвестиция салып, Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі ретіндегі позициясын нығайтты", – деді Мемлекет басшысы.
Президент "Шелл" концерні басқа да серіктестермен бірге елімізде ауқымды мұнай-газ жобаларын белсенді жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Компания әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақтың операторы саналады. Қарашығанақты кеңейту жобасының кезеңдерін уақтылы іске асыру сұйық көмірсутегін өндіруді 10-11 миллион тонна деңгейінде сақтауға ықпал етеді.
"Шелл" концернінің және басқа да акционерлердің үйлесімді жұмысы Қашағанның «ғасыр жобасын» іске қосуға мүмкіндік берді. Бүгінде Солтүстік Каспий жобасы жаһандық энергия нарығында маңызды рөл атқарады және еліміздегі мұнай өндірісінің 20 пайызын қамтиды. Көмірсутегін өндіруден басқа, оларды әлемдік нарықтарға тасымалдау үшін инфрақұрылым құрудың маңызы зор. Бұл бағыттағы алғашқы табысты жоба – Каспий құбыр консорциумы. Оны жүзеге асыруға "Шеврон", "ЭНИ", "Шелл", "Лукойл" және тағы басқа жетекші мұнай компаниялары қатысты", – деді Президент.
Сурет: akorda.kz
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның бірқатар қызметкерін Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Атап айтқанда, Қазақстандағы "Шелл" концерні төрағасының орынбасары Құралбек Келжанов III дәрежелі "Барыс" орденімен, мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджер Дияс Жұбандықов "Құрмет" орденімен, еңбек ресурстары және сервистік қамтамасыз ету жөніндегі директор Сұлушаш Ізбасарова және кен орындарын игеру жөніндегі менеджер Ғаділбек Өксікбаев "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапатталды.