БҚО-да ветеринариялық станцияларға 18 автокөлік табысталды
25 қазан - Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Биылғы жылы ветеринария саласында атқарылған игі іс аз емес екенін атап өткен облыс әкімі өңірде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаражат 12 пайызға артып, 2 млрд 653 млн теңгені құрағандығын баса айтты.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: "Ветеринария саласын жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс. Атап айтқанда, үрдістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары", - деген болатын. Бүгінгі іс-шара – осы маңызды миссияны жүзеге асырудағы қадамдардың бірі". БҚО әкімі Нариман Төреғалиев
Сондай-ақ ол ветеринарлық станция мамандарының жалақысы 22%-ға артып, еңбек демалысына шыққанда екі айлық сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене бастағанын да баса атап өтті.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Ветеринарлық станция қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында жаңа компьютерлер алынды. Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында жақын арада жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Алдағы жылы ветеринарлардың жалақысын тағы да арттыру көзделген. Ветеринарларға арналған жаңа қызметтік автокөліктер олардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, жануарлардың денсаулығы мен тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізеді. Автокөліктер біздің мамандарымыздың жануарларға уақытылы да сапалы көмек пен қызмет көрсету мүмкіндігін арттырып, Президент Жолдауында айтылған стратегиялық міндеттерге жетуге ықпал етеді деп сенемін", –деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұл күні облыстық ветеринария басқармасына бағынысты аудандық ветеринариялық станцияларға берілген 18 жаңа қызметтік автокөлік 235 млн теңгеге алынған.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында ветеринария басқармасына бағынысты 13 ветеринариялық станция және 147 ветеринариялық пункт бар. Қазіргі таңда бұл ұйымда 806 адам, сонің ішінде 620 ветеринар маман, 186 әкімшілік қызметші жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз