Қазақстанда байланыс қызметтері тұтынушыларында қандай құқықтар бар?
Ал осының барлығынсыз қазіргі өміріміздің қандай болатынын ешқашан елестете алмайтынымыз ақиқат.
Коммуникациялар еліміздің экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады. ХХ ғасырдағы адамзаттың технологиялық серпілістері біздің өмірімізге көптеген мүмкіндіктер әкеліп, бізге жайлы өмір сыйлады.
Байланыс өзіндік нарықты жасайтынын ұмытпаған жөн. Ал бұл нарық құқықтық реттеуді қажет етеді. Сондықтан өз құқықтарыңызды білу маңызды. Олар Қазақстан Республикасының "Байланыс туралы" Заңымен реттеледі. Осы заңның 23-бабына сәйкес тұтынушының бірқатар құқықтары бар. Атап айтқанда, пайдаланушылардың барлық санаттары үшін байланыс қызметтері бірдей шартта көрсетіледі. Ал 24-бапта барлық қызмет пайдаланушылар жеке деректерді қорғауға құқылы делінген. Ал хат-хабарлардың, телефон арқылы сөйлесулердің, пошталық және өзге де хабарламалардың құпиялылығын заңсыз бұзғаны үшін байланыс операторлары заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Бүгінгі таңда телекоммуникация және байланыс саласында тұтынушылардан түсетін арыз-шағымдар мен өтініштер санының өсуі байқалады. Мысалы, 2022 мен 2021 жылдарды салыстырғанда өсім 2,5 есеге артты.
Сурет: freepik
Тәуелсіз социологиялық зерттеуінің нәтижесі бойынша 10 мың респонденттің 33,3% интернет-провайдерлердің қызметіне қанағаттанбағаны анықталды.
Батыс Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне "Қазақтелеком" АҚ қызметіне қатысты тұтынушылардың өтініші келіп түсті. Өтініш Телекоммуникациялар комитетіне жолданды.
"Тұтынушы ай сайын жаңа тарифке артық төлейді, бірақ 200 Мбит/с дейінгі тиісті интернет жылдамдығына қол жеткізе алмайды. Төлемі бұрыңғы тарифпен салыстырғанда қымбатырақ, себебі жаңа тарифтік жоспарда жоғары жылдамдықты интернет қарастырылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің өңіраралық байланыс инспекциясы тұтынушының шағымына тиісті жабдықтың болмауына байланысты интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшеуге техникалық мүмкіндіктері жоқ деп жауап қайтарды", - дейді Батыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова.
Сурет: freepik
Байланыс қызметтерін жақсарту экономиканы жақсартудың кілті болып табылады. Өйткені еліміздің әрбір азаматы байланыс құралдарын пайдаланушысы. Ал қарым-қатынас еліміздің әрбір азаматының негізгі қажеттілігі.
"Ал тұтынушылардың келісімінсіз тарифтерді біржақты тәртіпте көтеру азаматтық кодекстің негіздеріне қайшы келеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес баға шарттың маңызды тармағы болып табылады және өзгертуге жатпайды. Мемлекет органдар белгілейтін бағалар мен тарифтер өзгере алады. Байланыс тарифтеріне келетін болсақ, Қазақстан Республикасының "Байланыс туралы" Заңына сәйкес тарифтерді операторлар орнатады. Тарифті біржақты өзгерту Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің негіздеріне қайшы келеді және заңсыз. Қазір бұл бағытта сот ісі жүргізілуде", - дейді Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлем Уәлиев.
Телекоммуникация және байланыс саласында тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгіну керек.