Шымкентте қала экономикасына құйылған инвестиция көлемі артып келеді
Жыл соңына дейін қала экономикасына 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысының орынбасары Ермек Тұрманов мәлімдеді.
Сурет: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 672,3 млрд теңгені құраған. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар есепті кезеңде 41,3 мың тонна өнім шығарды.
Сурет: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, Шымкент қаласында 2023-2027 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 275 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Бұл жобалардың орындалуы жаңадан 32 мыңнан астам жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді.
Сурет: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Биыл құны 128 млрд. теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 108 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда аталған жобалардың ішінде жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 1 183 жаңа жұмыс орны пайда болды. Қала экономикасына инвестиция тарту кезінде, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласына ерекше назар аударып отырмыз. Бұл секторда 2027 жылға дейін жалпы құны 401,5 млрд теңгені құрайтын 103 инвестициялық жоба іске асады. Аталған кәсіпорындарда 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Соның ішінде биыл жалпы құны 14,4 млрд теңгеге 14 инвестициялық жобаны іске асырып, 605 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Қазірдің өзінде өңдеу өнеркәсібі саласында 3 инвестициялық жоба іске асырылып үлгерді", – дейді Ермек Тұрманов.
Сурет: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, қала аумағында жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 358 млрд теңге сомасына 337 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі таңға 216 млрд теңгені құрайтын 273 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.