Қазақ-өзбек сауда-экономикалық ынтымақтастығы: Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ташкентке барды
Ташкентте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Үкіметінің басшысын қабылдады.
Кездесу барысында қазақ-өзбек қарым-қатынастары жоғары деңгейдегі сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екені атап өтілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты тауар айналымы 4,5 млрд доларды құрады. Екі ел үкіметтері тауар айналымын одан әрі арттыру үшін инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен жүргізілген үкіметтік деңгейдегі келіссөздер сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік көлік және мәдени ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды нығайту бойынша қабылданып жатқан шараларға арналды.
"Екі елдің президенттері қазақ-өзбек ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге шығару міндетін қойды. Тауар айналымын арттыру үшін зор әлеует бар екенін көріп отырмыз, сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтардағы өзара іс-қимылдың жоғары нәтижелеріне жету үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмылдырамыз", — деді Олжас Бектенов.
Сурет: primeminister.kz
Өз тарапынан Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов екі мемлекет басшылары деңгейіндегі сенімді және достық қатынастар стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайтудың маңызды факторы екенін айтты.
"Екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көпжоспарлы қатынастарды одан әрі кеңейту бойынша нақты міндеттерді айқындады. Осы міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға дайын екенімді білдіремін", — деді Абдулла Арипов.
Тараптар өнеркәсіптік кооперация саласындағы елеулі прогресті атап өтті және оны әрі қарай дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта өнеркәсіптік кооперация аясында 13,3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 2,6 млрд доллар болатын 60 жоба іске асырылып жатыр. Қосымша 43 жобаның перспективасы да жоғары болып отыр. Екіжақты сауда әлеуетін одан әрі кеңейтуде "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына маңызды рөл беріледі. Сонымен қатар екі ел арасында ауыл шаруашылығы саласында толық өзара түсіністік жолға қойылған.
Келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметінің басшысы өңірдегі транзиттік көлік әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ су пайдалану саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Оған қоса Олжас Бектенов қазақстандық тараптың Өзбекстанға 255 позиция бойынша 500 млн доллар сомасына экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге дайын екенін атап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша арадағы ынтымақтастықты кезең-кезеңмен дамыту үшін бар күш-жігерді салуға дайын екенін растады.
Жұмыс сапары барысында Қазақстан Премьер-министріне Кедендік рәсімдеу орталығының электрондық декларациялауға көшу арқылы әкімшілендіруді жетілдіру саласындағы тәжірибесі көрсетілді.
Сондай-ақ Олжас Бектенов Texnopark-қа барып, өнеркәсіптік, электрондық, құрылыс өнімдерін, өнеркәсіптік және коммуналдық энергетика жабдықтарын, оның ішінде лифтілер мен эскалаторларды жоғары технологиялық өндіру процесімен танысты.