Олжас Бектенов алғашқы жұмыс сапарымен қай өңірге барғаны белгілі болды
"Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағын аралау барысында Олжас Бектенов "Steel Manufacturing" патрон зауытының жұмысымен танысты. Қазақстандық патрон зауыты – қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі жоғары технологиялық бірден-бір кәсіпорын. Мұнда қауіпсіздік мәселесіне және өндірісті автоматтандыруға басымдық берілген, өндірістік процестің барлығы адамның қатысуынсыз, автоматты түрде жүзеге асырылады.
Премьер-Министр зауыт өндірістік қуатын толығымен пайдаланып жұмыс істеуі керек екенін, сол себепті оны салалық ведомстволардың жоспарға сай тапсырыстарымен жүктеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Олжас Бектенов "Қарағанды – Балқаш – Алматы" автожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тыңдады. Бүгінгі таңда жаңа асфальт бойынша жол қозғалысы қамтамасыз етілген, айналма жолдар тек жол өтпелері салынып жатқан учаскелерде ғана қалып отыр.
Үкімет басшысы барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін атап өтті. Одан кейін Олжас Бектенов Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік цехтарына барды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекет оны әрі қарай дамытуға қажетті қолдау көрсетуде.
Мұнда Премьер-Министр металлургтермен әңгімелесті, оның барысында кәсіби мамандық мәртебесін арттыру, жалақыны ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе көтерілді. Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің барлығы және Qarmet-тің алдағы жұмысы мемлекеттің бақылауында болатынына сендірді.
"Жаңа инвестор өндірісті жаңғыртуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға ауқымды инвестициялар салу бойынша міндеттемелер қабылдады. Бұл бос сөз емес, мұның бәрі қағазға қатталған және мемлекеттің бақылауында болады. Президент барлық тиісті тапсырманы берді. Комбинаттың тынысы кеңейіп, жаңа өмірге жол ашатынына сенімдіміз. Бұл – отандық өнеркәсіптің мақтанышы. Біз өз тарапымыздан бақылап, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз", — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-Министр салалық ведомстволар басшыларының, жаңа инвестордың, әкімдік өкілдерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді. Saran индустриялық аймағын аралау кезінде Үкімет басшысы 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын "Qaztehna" зауытының жұмысымен танысты.
Бүгінгі таңда кәсіпорында шағын торапты құрастыру, дәнекерлеу және бояу цехтары жұмыс істейді. 2023 жылы мұнда 1 700-ге жуық автобус шығарылды. Зауыттың өнімі Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ ЕАЭО елдеріне жіберіледі. Содан кейін Олжас Бектенов автомобиль шиналарын шығаратын "KamaTyresKZ" кәсіпорнына барды. Жобаға 214 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жобалық қуаты жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шинасын құрайды. Қазіргі уақытта мұнда жабдықтарды монтаждау және іске қосу, ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр.