Алматыда "Айбын" X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды
Әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының батыры, № 1 Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Жиынның салтанатты ашылуы көрнекті әскери қолбасшының есімімен аталатын Құрлық әскерлерінің әскери институтында өтті.
Сурет: Zakon.kz
Іс-шара Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, халық батырының қызы Айсұлу Нұрмағамбетова және шетелдік делегациялардың өкілдері Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің салтанатты әуенімен даңқты майдангерді еске алды.
Сурет: Zakon.kz
Сурет: Zakon.kz
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жас патриоттарына жолдауын ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқыды. Онда жиынның әскери қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік, өзара көмек пен ұйымшылдық жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің кепілі екені айтылған.
"Кез келген елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан сендерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сендер адал және еңбекқор, ақылды әрі батыл, Отанымыздың лайықты азаматтары және нағыз патриоттары болуларың керек. Барлығың жиынға мұқият дайындалып, жеңіске жетем деген ниетпен келдіңдер. Мұндай жарысқа қатысудың өзі әрқайсың үшін маңызды жетістік және есте қаларлық оқиға", делінген Президент жолдауында.
Сурет: Zakon.kz
Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өз сөзінде халықтар арасындағы бұрыннан келе жатқан берік байланыс қашанда өзара сенім мен қолдауға негізделген достық қарым-қатынаста болғанын атап өтті.
"Қаншама сыннан өтсек біз ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, құндылықтары мен мәдени-рухани мұраларын сақтай алдық. Бүгінгі халықаралық әскери-патриоттық жиын – халықтар арасындағы достық пен көрші елдермен татулыққа деген ұмтылыстың жарқын дәлелі", – деп атап өтті ол.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиынға қатысушыларға өз күштеріне сеніп, мақсатқа жетуде табандылық тіледі.
Сурет: Zakon.kz
Олар үшін каскадерлер шоуы, батырлар биі, "Жаса, Сағадат" музыкалық нөмірі, Орталық әскери оркестр мен Құрмет қарауыл ротасының дефилесі бар мерекелік бағдарлама дайындалды.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған "Халық жүрегіндегі қаһарман" экспозициясы туралы ҚР Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Алматы филиалының бастығы Алуа Байқадамова айтып берді.
Сурет: Zakon.kz
Іс-шарада Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов "Генерал С.Қ. Нұрмағамбетовтың әскери мұрасы және оның қазіргі заманғы маңызы" атты жаңа кітапты таныстырды.
Ол 1-ші Түркістан пулеметшілер әскери училищесінің курсантынан армия генералына дейінгі жауынгерлік жолдан жүріп өткен соғыс батырының Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
"Сол бір қиын уақыттардағы оның жауынгерлік тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі мен Отанға мінсіз қызмет етудегі өнегесі Қарулы күштерді құру мен дербес дамытудың кепілі болды", – деді ол. – Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылған.
Сурет: Zakon.kz
Іс-шара барысында "Бірлік ордасы" мобильді-интерактивті экспозициясы көрсетілді. Онда жиынға қатысушы елдер мәдениетінің, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ерекшеліктерімен танысуға болады. Сонымен қатар "Жас сарбаз" республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев "Сағадат" коворкинг-аймағын таныстырды.
Жиынның бұрнағы жылдардағы жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен болған кездесуде "Жас сарбаз" қозғалысының қазіргі тәрбиеленушілері олардың өмір жолы қалай өрілгенін естіп білді. Бүгінде олардың көпшілігі еліміздің әскери оқу орындарын бітіріп үлгерсе, енді бірі курсант.
Жиынның салтанатты ашылуына дейін "Әли" оқу-жаттығу орталығында ұлттық спорт түрлерінен, АК-74-ті толық бөлшектеу мен құрастырудан бірқатар жарыстар ұйымдастырылды. Оған қоса жас өнертапқыштар арасында Smart Sarbaz байқауы мен "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны өтті.
Сурет: Zakon.kz
Жарыстар жалғасуда. Бұл апта қарқынды болмақ. Әскери техниканың, жабдықтардың, спорттық жабдықтардың көрмесі, клубтардың қызметі туралы стендтердің бәрін 18–22 маусым аралығында Құрлық әскерлері әскери институтының "Әли" оқу-жаттығу орталығынан көруге болады. Сондай-ақ концерттер, дәрістер, спорттық ойындар, от жағу кештері және Халық қаһарманы туралы фильмдер көрсету жоспарланған.