Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштердің үздік әскери қызметшілеріне құрмет көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі марапаттады, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.12.2024 16:39 Сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Астанада қызметте үздік нәтиже көрсеткен Қарулы күштердегі жауынгерлік жарыс жеңімпаздары Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың қолынан марапатқа ие болды.

Жыл сайынғы "Әскер тарланы" байқауы әскери қызметшілердің шеберлігін жетілдіруге, жауынгерлік тәжірибені таратуға және армияның имиджін арттыруға бағытталған. Марапаттау рәсімінде генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қарулы күштер үшін 2024 жыл көптеген маңызды оқиғалармен ерекшеленгенін атап өтті. Олардың қатарында министр БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясын өз бетінше орналастыруға және орындауға мандат алуын, сондай-ақ әскери қызметшілердің көктемгі су тасқынына қарсы күреске қатысуын бөліп атады.

"Бүгін біз дәстүрлі "Әскер тарланы" байқауының қорытындысы бойынша үздік мамандарды марапаттап отырмыз. Әскери шеберлік флагмандарын бағалау кезінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша ай сайынғы сабақтардың нәтижелері, бақылау және қорытынды тексерулердің қорытындылары, оқу-жаттығуларға, түрлі конкурстарға қатысу, әскери тәртіп және моральдық-іскерлік қасиеттері ескерілді", – деп толықтырды Қорғаныс министрі.

Жарыс қорытындысы бойынша Десанттық-шабуылдау әскерлері командалық пунктінің қызмет бастығы подполковник Нұржан Құлманжанов "Үздік жедел кезекші" атанды. Аталған офицер жүктелген тапсырмаларды орындауға жауаптылығымен өз ісінің үздігі деп танылып отыр.

27943 әскери бөлімі барлау ротасының бөлімше командирі сержант Руслан Мақсұт "Жауынгерлік машинаның үздік командирі" атанды. Ол басқарған экипаж "Айбалта-2024", "Достарым-2023" оқу-жаттығуларында үйлесімді әрі нәтижелі қимыл жасай алды.

Ал "Артиллериялық есептоптың үздік командирі" атағына 28738 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант Еркебұлан Тілеукен ие болды. Ол басқарған әскери бөлімше атыс кезінде әрқашан жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

31775 әскери бөлімі жаяу әскер жауынгерлік машинасының механигі сержант Дидар Мусин "Темір тұлпар жүргізуші" аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Екі жақты штабтық оқу-жаттығуда ол жауынгерлік машинаны мінсіз ұстағаны және мотоатқыштар батальонының құрамында тапсырмаларды сауатты орындағаны үшін ерекше атап өтілді.

Республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларда ерекшеленген 44736 әскери бөлімінің аға барлаушы-атқышы ефрейтор Ерасыл Тілеуханов "Мерген" номинациясын иеленді

50185 әскери бөлімі авиациялық буынының ұшқыш-штурманы лейтенант Нұрболат Молдабек жауынгерлік дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін "Көк қыраны" номинациясының иегері болды. Жас ұшқыштар арасында экипаж командирі Н. Молдабек бірінші болып Су-30 СМ ұшағын өз бетінше басқару құқығына ие болған.

Еліміздің әуе шебін қорғауды ұйымдастыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 31767 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Евгений Спижарский "Аспан қорғаны" атағының жеңімпазы атанды

Армия халықаралық ойындарының "Теңіз кубогы" конкурсына және "Бірлестік-2024" халықаралық жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына белсенді қатысқаны үшін 21814 әскери бөлімі "Орал" зымыран-артиллериялық кемесінің командирі 3 дәрежелі капитан Шахрух Абдуразаков "Теңіз тарланы" номинациясының жеңімпазы деп танылды.

22750 әскери бөлімінің қару-жарақ жөніндегі маманы аға лейтенант Ақжол Молдақаш "Жаужүрек" аталымының жеңімпазы атанды. Қорғаныс министрлігі командасының құрамында ол 100 Sarbaz әскери-патриоттық реалити-жобасында бірінші орынға ие болды, онда ол тек күш-қуат жағынан ғана емес, сонымен бірге рухтың күшін де көрсете білді.

Үздіктердің қатарында жөндеу цехының технигі 3-сыныпты сержант Ералы Әйнекбаев, госпиталь медбикесі 2-сыныпты сержант Аймира Шалабаева, әскери-спорт кешенінің көпсайыс және әскери үшсайыс бойынша ҚР Қарулы күштері спартакиадасының чемпионы аға сержант Асылбек Қарабай, Бітімгерлік операциялар орталығының нұсқаушысы 2-сыныпты сержант Дінмұхамед Байдуллаев, Қасым Қайсенов атындағы механикаландырылған бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Азамат Жұмағазиев бар.

Жарыс жеңімпаздарының сапында Қарасай батыр атындағы оқу орталығының взвод командирі 2-сыныпты сержант Марат Тоғызбаев "Үлгілі отбасы" номинациясын иеленді. Ерлі-зайыптылар бүгінде үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.

Әскери жарыстың жеңімпаздары қатарында 3-сыныпты сержант Дархан Аслан, оқытушы полковник Кирилл Ложкин, байланысшы сержант Алмаз Тәшкенбаев, сапер-маман кіші сержант Мұхамедияр Бөтенбаев, әскери полиция майоры Ержан Диханбаев, барлау бөлімшесінің командирі 3-сыныпты сержант Думан Қожанов, заңгер әділет полковнигі Вячеслав Краснов, аға лейтенант Жеңісбек Данебеков және подполковник Назар Бозабаевтар да бар.

Жалпы іріктеу 24 номинация бойынша өтті. Кәсіби байқау жеңімпаздары дипломдармен, атаулы мүсіншелермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: