700-дің орнына 20: Отбасы банк цифрландырудың озық үлгісін көрсетті
Сурет: Zakon.kz/Максим Золотухин
Жаңа модельдің басты артықшылығы — жылдамдық пен ашықтық. Бұған дейін бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс қазір автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде тұрғын үйді бөлу кезінде адами фактордың ықпалы барынша азайып, шешім қабылдау үдерісі бірыңғай талаптар негізінде жүргізіледі.
Сонымен қатар Отбасы банк тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жүйені жетілдірудің маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Кері байланыс барысында көтерілген мәселелер сараланып, тұрғын үйді бөлу тетіктерін түсінікті, қолжетімді және әділ етуге бағытталған шешімдер қабылданады.
Ұлттық даму институты мәртебесін алғаннан кейін Отбасы банктің міндеттері де айтарлықтай кеңейді. Банкке тұрғын үйге мұқтаж азаматтармен жұмыс істеу бойынша жаңа ауқымды міндет жүктелді.
Қазір елімізде тұрғын үйге мұқтаж ретінде 1 млн 82 мың адам есепте тұр. Банк күн сайын азаматтардың өтініштерін қабылдап, әрбір мәселе бойынша тиісті кері байланыс береді.
Осындай ауқымды жұмысты жүргізуде цифрландыру шешуші рөл атқарып отыр. Жаңа технологиялар тұрғын үйді бөлу процесін жеделдетумен қатар, оған жұмсалатын ресурсты да оңтайландыруға мүмкіндік берді.
Мысалға алсақ, бүгінде Отбасы банкте тұрғын үйді бөлу жұмысын 20 маман атқарады. Бұған дейін осы міндеттерді жергілікті атқарушы органдарда ел бойынша жалпы саны шамамен 700 қызметкер орындаған. Цифрлық модель енгізілгеннен кейін тұрғын үйді бөлу қарқыны үш есе артты.
Әрбір екінші тұрғын үй несиесі Отбасы банк арқылы беріледі
Бүгінде Қазақстандағы ипотекалық портфельдің 55 пайызы Отбасы банкке тиесілі. Елде баспана сатып алуға берілетін әрбір екінші несие осы банк арқылы рәсімделеді.
Банктің клиенттік базасы 4 млн-ға жуық адамды қамтиды. Күн сайын Отбасы банктің қаржылық құралдары мен бағдарламалары арқылы 300-ден астам отбасы жаңа баспанаға қоныстанады.
Ұлттық даму институты ретіндегі жаңа мәртебе банктің тұрғын үй саясатын жүзеге асырудағы рөлін кеңейтті. Енді оның қызметі тек тұрғын үй жинақ жүйесі мен ипотекалық несиелеумен шектелмейді. Басым бағыттардың бірі — тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің бірыңғай, ашық әрі технологиялық жүйесін қалыптастыру.
Автоматтандыру әкімшілік жүктемені азайтып, азаматтардың өтініштерін жедел қарауға және тұрғын үйді бөлу үдерісін барынша ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Ал тұрғын үйді бөлу қарқынының үш есе артуы – жаңа цифрлық модельдің тиімділігін көрсететін нақты нәтижелердің бірі.