Алматыда балабақшада таяқ жеген баланың әкесі мәлімдеме жасады
Зардап шеккен баланың әкесі Амангелді Әскеновтен КТК телеарнасы сұхбат алды. Баласын сабап жатқанын көріп жыларман болған жігіт ағасы бір топ баланы тәрбиеші «арандатқан» деп топшылайды. Өйткені қуып жүріп ұрған ұл-қыздардың өзі осылай деп тәптіштеп тұрып, мәселені жайып салған.
Қазір осы келеңсіз жайтқа жол берген №58 балабақшаның меңгерушісі мен тәрбиешісі жұмысынан босатылды. Ал төрт жастағы Абылай психологтың көмегіне зәру.
Балам қазір "шок" жағдайда. Көзге жас алмай, айта алмайсың. Көрген адамның өзі жылайды. Айтатын адам сол күні осындай жағдай болды деп айтатын еді. Тәрбиешісі келе сала, бізге хабарласатын еді. Бірақ олай болмады. Ол телефонын шұқылап отыра берді. Балабақшаның бәрі білді, сондай шу болғанын. Апайдың өзі балаларды үйіне жіберіп жатқанмын дейді. Оның бәрі өтірік. Негізінде ол жиналыста отырған адам. Балаларды тастап кеткен. Амангелді Әскенов
Оқи отырыңыз: Алматыда бір балаға топ бала жабылған балабақша тәрбиешілері жұмыстан қуылды
Амангелді кішкентай балаларды ондай қатігездікке ешқандай ата-ана үйретпейтініне сенімді. Сондықтан ол ұл-қыздарды тәрбиеші «арандатқан» деп топшылайды. Бұл болжамды жабылып кеткен топтағы бүлдіршіндер де растапты.
Бір-екеуінен сұрадық. Ұрыспай-ақ. Мұғалімдер сол жерде болды. Қандай себеп болды деп сұрадық. «Бізге апай айтты, Абылай тұрса ұрыңдар» дегендей. Кішкентай бала бәрін сіңіріп алады, айтқанды істейді. Бала дұрыс тәрбие көрмеді дегеннің өзінде, барлығы жабылып, ойлары бір жерден шыға қоймас. Мен балаларды кінәлай алмаймын. Себебі, баладан мен ондай күтпеймін. Ата-анадан да күтпеймін. «Барып жабылып ұрыңдар» деп ешқандай ата-ана жасамайды деп ойлаймын. Амангелді Әскенов
Күні кеше әлеуметтік желіге таралып кеткен видеодан жалғыз баланы ұлы да, қызы да жабылып аяусыз төпелеп жүргенін байқауға болады. Соққылардан бала арлы-берлі қашып, бір кезде жерге құлайды. Соның өзінде бірі басынан, екіншісі ішінен теуіп жатыр. Бұл бөлмеде не тәрбиеші, не бала күтуші көрінбейді. Осы жайттан зардап шеккен төрт жастағы Абылай қазір психологтың көмегіне зәру, - дейді жыларман болған әкесі.
Балам шошынып қалған. Қорқады. Балабақшаға барғысы келмейді. Психологтармен жұмыс істеу керек енді. Психологты олар беру керек, солардың міндеті деп санаймын. Себебі, білім басқармасының кесірінен бала сондайға ұшырап отыр. Жауапты адам болу керек. Мен қайдан білемін, балам дұрыс бола ма, болмай ма. Бұндайға дейін барады, басымыздан осындай жағдай өтеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Зардап шеккен баланың әкесі
Көпшіліктің талқысына түскен бейнекадрлерден кейін білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізіп, №58 мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі мен балаларды қараусыз қалдырып кеткен тәрбиеші жұмысынан босатылды. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің және Әуезов ауданының білім бөлімі басшысына тәртіптік жаза қолданылған.
Бірақ «ұлымның жүйкесі зақымданды» деп шыр-пыр болған Амангелді Әскенов полицияға арыз жазған. Ол мәлімдеме жасап, кінәлілер заң алдында жауап беруін талап етті. Ашынған әке соңына дейін күресуге бекініп отыр.