Түймебаев президентке ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын жеткізді
Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жазылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының бір жылда атқарған жұмыстары мен алдағы даму жоспары таныстырылды. Сондай-ақ ректор Мемлекет басшысына білім беру үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмыстары және университеттің халықаралық жетістіктері туралы баяндады.
Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев президентке ғылыми жобалардың тиімділігі мен кадрлардың әлеуетін арттыру және оқу ордасының 90 жылдығы қарсаңында ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Оның айтуынша, 2024 жылға қарай университет еліміздің ғылыми-техникалық дамуының перспективті деген бағыттары бойынша 650-ден астам ғылыми жобаны қолға алмақ. Ректор ғылыми жобалардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру 20-ға жуық спин-офф компанияларын құру арқылы жүзеге асырылатынын айтты.
Жансейіт Түймебаев жетекші оқу орнындағы ұзақ жылдардан бері қордаланған мәселелерге де тоқталып, оларды шешу жолдары туралы ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, ескірген жатақханалар мен тозығы жеткен оқу корпустарының жай-күйі, 2 мыңнан астам оқытушы мен қызметкердің баспанаға мұқтаждығы жөнінде баяндады.
Кездесу соңында президент білім сапасын түбегейлі жақсарту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру мәселелеріне назар аударып, университет басшысының ұсыныстарын қолдады.