Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесті
Бас педагог кездесуде болашақтықтарды қызықтырған түрлі сұраққа жауап берді. Жиында назарға алатын қызықты ұсыныстар да айтылды. Кездесу туралы министр өзінің Telegram-дағы каналында жазды.
Сонымен қатар шетелдік үздік оқу орындарында білім алып, бүгінде отандастарына пайдасын тигізіп, ел дамуына маңызды үлес қосып жүрген түлектердің әңгімесін тыңдау да қызық болды. Мысалы, Диана Момбаева Канаданың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Калгари университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, кейін Қостанай облысындағы туған ауылы Комсомолға оралды. Ол қазір ауылдық мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Сонымен бірге Диана балаларға ағылшын тілін де тегін үйретеді. Жас педагог Канададан алған білімінің арқасында ауылда тұруға және де ауылдастарының өмірін жақсарту мақсатында қайта оралуға болатынын балалардың өзіне қарап, түсінгенін қалайтынын айтты.Асхат Аймағамбетов
Ал кездесуге қатысқан тағы бір «Болашақ» түлегі, мамморадиолог дәрігер Данара Сүлейменова Ұлыбритания университетінде білім алып, кейін «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ университетінде тағылымдамадан өткен. Дәрігердің айтуынша, ол қазір сүт бездерінің сәулелік диагностикасының әртүрлі әдістерін – УДЗ, маммография, МРТ-ны меңгерген және қажет болған жағдайда тиісті диагностикалық манипуляцияны тағайындап, орындайды.
Бүгінде қазақстандық мектептерде «Болашақтың» арқасында әлемнің жетекші университеттерінде білім алған 800-ден астам мұғалім оқушыларды оқытып жатыр. 600-ден астам дәрігер жыл сайын отандастарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу үшін он мыңдаған ота жасайды.
Әрине, «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған педагогтердің, дәрігерлердің және басқа да түрлі мамандық өкілдерінің еңбегі қоғамымыз бен елімізге маңызды әрі қажет. Біз «Болашақ» бағдарламасын жетілдіруді жалғастырамыз.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов