Еліміздегі жоғары оқу орындарында барлығы 623 839 адам оқиды
Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда қазір 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның 11-і ұлттық, 29-ы мемлекеттік, 14-і азаматтық емес, 1 дербес білім беру ұйымы, 1 халықаралық, 16 акционерлік және 48 жеке.
ЖОО-да 623 839 адам оқиды (бакалавриат – 575 511 адам, магистратура – 36 483 адам, докторантура – 5 924 адам). Профессор-оқытушылар құрамының саны – 36 378 адам, 48% ғылыми дәрежесі бар.
2022-2023 оқу жылына күтілетін студенттер контингенті - 609,5 мың адам, оның ішінде қабылданатыны - 164 300 адам. 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі - 88 214 орын, бакалавриатта - 73 061, магистратурада - 13 263, докторантурада - 1 890 орын, оның ішінде 42 303 грант немесе 60% - ы техникалық мамандықтарға бөлінген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша батыс және халық тығыз қоныстанған өңірлердің жастары үшін 10 мың грант, «Серпін» жобасына 3 653 грант, шетел азаматтарына 490 грант, оның ішінде 150 грант Орталық Азия елдерінің азаматтарына, 100 орын - Ислам ынтымақтастығы ұйымдары елдерінің азаматтарына қарастырылды. Республикалық конкурстық комиссияның шешімі бойынша 56 375 грант тағайындалды.Саясат Нұрбек
Бұдан басқа жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде стипендия 20% (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін) өсті. Оның ішінде педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 50 мың теңгеден бастап 58 800 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Магистратура және докторантура 15% (76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін және тиісінше 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) өсті. Бұл норма шамамен 161 мың білім алушыға қатысты болады.