Кәсіптік оқу орнында грантта оқитын студенттердің жол жүруіне төленетін өтемақы қағидасы бекітілді

Қағидаларға сәйкес, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім ұйымдарында студенттерге қысқы және жазғы каникул кезеңінде өтемақы төлеу қалааралық теміржол және автомобиль көлігімен жүруі үшін қарастырылған. Бұл тізімге такси кірмейді.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша студенттердің мына санатына жол жүру ақысы төленеді:
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы күндізгі оқу нысанындағы білім алушыларға жылына екі рет қысқы және жазғы каникул кезінде 2 еселенген АЕК (6900 теңге);
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының резидент емес түлектеріне жылына бір рет 2 еселенген АЕК (6900 теңге) мөлшерінде.
Жол жүру ақысы республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді. Жол ақысы жыл сайын каникулдың соңында бір айда студенттердің карта-шотына аударылады.
Қысқы және жазғы каникул кезінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігімен жол жүргенін растайтын құжаттар (жол жүру билеті және отырғызу талоны, автобуспен жүру үшін жол жүру билеті) болған жағдайда жол жүру ақысы төленеді.
Ережелер 2022 жылдың 31 желтоқсанында күшіне енеді.